2025 жылдың қараша айында Қазақстанның халықаралық белсенділігі негізгі екі өзара байланысты бағытыта дамыды – бұл Президент Қ.К. Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары және 11–12 қарашада Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы. Екі іс-шара да екіжақты қатынастардың дәйекті дамуын және геосаяси турбуленттілік жағдайында одақтастық байланыстардың стратегиялық сипатын айқын көрсетеді.
Мемлекет басшысының 12 қарашаға жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапары ерекше протоколдық маңызға ие: мұндай сапар түрі президенттік өкілеттік мерзімінде тек бір рет жүзеге асырылады және өзара құрметтің жоғары деңгейін білдіреді. 14 қазанда мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуі және 10 қазанда Душанбеде ТМД саммиті аясындағы кездесуі барысында сапардың нақты күні мен күн тәртібінің келісіліп, егжей-тегжейлі айқындалуы екіжақты дипломатиялық үйлесімділіктің ойластырылғандығын және саяси дәлдігін көрсетеді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси диалог әрдайым жоғары өзара сенім мен серіктестік қарым-қатынастың сапасымен ерекшеленеді. Сапар аясында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты және институционалдық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Негізгі назар декларативті тұжырымдарға емес, өзара сенімді нақты нығайтуға және іс жүзіндегі өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыруға аударылады. Мұндай тәсіл тараптардың одақтастық қатынастардағы сабақтастыққа, болжамдылыққа және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
Сапардың маңызды сыртқы саяси контексті – бұған дейін Душанбе қаласында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы болды. Отырыста ТМД-ның сыртқы серіктестермен өзара іс-қимылына мүмкіндік беретін «ТМД+» форматы іске қосылып, сондай-ақ ШЫҰ-ға ТМД жанындағы бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл қадамдар өңірлік құрылымдардың институционалдық өзара байланысының артып келе жатқанын көрсетіп, Қазақстан мен Ресейдің қауіпсіздік, экономикалық интеграция және көпжақты ынтымақтастық мәселелеріндегі ұстанымдарын үйлестіруге қосымша жағдайлар жасайды.
Жалпы алғанда, Президент Қ. Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары мен Орал қаласында өтетін Форум – қазақ-орыс ынтымақтастығының сабақтастығы мен кемелдігін айғақтайды. Қазақстан халықаралық институттарды жаңғыртуға және жаһандық басқарудың теңгерімді жүйесін ілгерілетуге бағытталған жауапты орта держава ретіндегі рөлін растайды, ал Ресей үшін бұл қазақстандық сыртқы саясаттың стратегиялық болжамдылығы мен тұрақтылығын көрсететін маңызды белгі болып табылады.
Марат Рамазанов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропа және Америкалық зерттеулер бөлімі
басшысының м.а.


