Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-12 қарашада Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары қарсаңында екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін жан-жақты бағалау ерекше маңызды.
Қазақстан мен Ресейдің экономикалық қатынастары бүгінде құрылымдық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұрын негізінен шикізат пен дайын тауарлар алмасуына сүйенген бұл қатынастар біртіндеп неғұрлым жетілген – инвестициялық және өнеркәсіптік кооперация моделіне көшуде. Бұл – екіжақты байланыстардың табиғи түрде жетілу үдерісі, мұнда экономикалық өзара іс-қимыл бизнес мүдделері мен өзара өсім қажеттіліктері негізінде қалыптасады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 24,4 млрд АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,9%-ға артты. Қазақстан экспорты 8,1 млрд долларды, ал импорт 16,3 млрд долларды құрады. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында тауар айналымы 17 млрд долларға жетіп, оның ішінде 5,3 млрд доллар экспортқа, ал 11,8 млрд доллар импортқа тиесілі болды.
Ресей Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымындағы шамамен 20% үлесті сақтап отыр және өнеркәсіп өнімдерінің, металл өнімдері, отын мен азық-түлік тауарларының негізгі жеткізушісі болып табылады. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге уран, металлдар, ферроқорытпалар, алюминий оксидтері, көмір және химия өнімдерін экспорттайды.
Айта кетерлік жайт, екі ел арасындағы сауда қатынастары барған сайын технологиялық сипатқа ие болуда. Қазақстан негізінен жартылай фабрикаттар, химиялық материалдар мен энергетикалық ресурстарды жеткізсе, Ресей дайын өнімдер — жабдықтар, машиналар, құрылыс және азық-түлік тауарларын экспорттайды. Алайда осы тауар ағындарының ішінде қосылған құн қалыптастыратын бірлескен кәсіпорындардың үлесі артып келеді.
Өзгерістердің негізгі белгісі – инвестициялар көлемінің және өнеркәсіптік кооперацияның өсуі. 2024 жылы Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының көлемі 4 млрд АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 32,5%-ға артты. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған ресейлік капиталдың жиынтық көлемі шамамен 27 млрд АҚШ долларына жетті. Сол кезеңде Қазақстанның Ресейге салған инвестициялары 8,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл деректер екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың өзара теңгерімді және орнықты сипатқа ие бола бастағанын, сондай-ақ Қазақстанның осы серіктестікте белсенді ойыншыға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Өнеркәсіптік кооперация ең айқын көрсеткіш болып отыр. Қазіргі уақытта барлығы 171 бірлескен жоба іске асырылуда, олардың жалпы құны 48,2 млрд АҚШ долларын құрап, 44 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Олардың ішінен 105 жоба аяқталған, 40 жоба жүзеге асырылу үстінде, ал 31 жоба әзірлену кезеңінде. Осы жобалардың ішінде ерекше назар аударуға тұрарлықтары: Қостанайда Ростсельмаш және Кировец ауыл шаруашылығы техникаларын жинау, вагондар мен қозғалмалы құрам өндірісі, Атырауда мұнай-газ жабдықтарын шығару, сондай-ақ химиялық және металлургиялық кәсіпорындар. Бұл жобалар ынтымақтастықтың мәнін түбегейлі өзгертуде: Қазақстан тек өнімді сату нарығы ғана емес, жергілікті қосылған құн жасалатын және инженерлік компетенциялар дамитын өндірістік алаңға айналуда.
Энергетикалық саладағы өзара мүдделер де белсенді жүзеге асырылуда. Қазақстанның мұнайының шамамен 93%-ы Ресей арқылы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады, ал ресейлік мұнай Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізіледі (2032 жылға дейін 100 млн тоннға дейін). Сонымен қатар, мұнай өнімдері, авиациялық керосин, дизель отыны, гудрон және битум жеткізілуді жалғастыруда.
Газ саласында да серіктестік тереңдей түсті: 2023 жылдан бастап Ресей газын Өзбекстанға Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу іске қосылды. 2024 жылы Ресей-Қазақстан-Қытай газ құбырын салу жөніндегі «Жол картасы» бекітілді, оның қуаты жылына 45 млрд текше метрге дейін есептелген. Сонымен қатар, 2025 жылы ПХГФ (Санкт-Петербург Халықаралық газ форумы) аясында қазан айында Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбырын салу туралы меморандум қол қойылды. Бұл қадамдар екі елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі транзиттік түйінге айналдыруға бағытталған.
Елдер арасындағы көлік логистикасы да өсуде: 2024 жылы тасымалдау көлемі 89,4 млн тоннаны құрады, ал 2025 жылдың басында 1,9%-ға ұлғаю тіркелді.
Қазақстан осы процестерде прагматизм мен бейтараптық саясатын ұстанып, халықаралық нормаларды сақтай отырып, өз экономикалық тәуелсіздігін нығайтады. Еліміз тұрақты, экономикалық тұрғыдан мықты Ресейге мүдделі, себебі сенімді серіктес – бұл болжамды нарық, сенімді логистика және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді білдіреді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық қатынастар трансформациялануда. Бүгінде бұл инвестициялар, өнеркәсіптік интеграция, энергетикалық ынтымақтастық және өзара сенімге негізделген күрделі жүйе болып отыр.
Әсел Әбен,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы


