Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Үндістан арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты нығайту: дамудың жаңа мүмкіндіктері

Қазақстан мен Үндістан арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты нығайту: дамудың жаңа мүмкіндіктері

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумына қатысқан Үндістан делегациясымен кездесті.

Жоғары лауазымды қонақтардың қатарында Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі, Жаһандық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар, М. Паррикар атындағы Қорғаныс зерттеулері және талдау институтының бас директоры Суджан Чиной бар.

ҚСЗИ директорының айтуынша, Қазақстан Үндістанмен жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән береді және Нью-Делиді Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Үндістан – тиімді өңірлік саясатты құру кезінде Қазақстанның ұстанымын ескеру қажет жаһандық ойыншы.

Үндістанның сыртқы саясаты туралы айта отырып, Еркін Тұқымов бұл біздің серіктесіміз үшін маңызды дипломатиялық жыл екенін атап өтті. Шілде айының басында Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының виртуалды форматтағы саммиті өтті. Тамыз айында Үндістан Оңтүстік Африкада өтетін БРИКС саммитіне қатысады, ал қыркүйекте Нью-Дели G20 елдері көшбасшыларының саммитін өткізеді. Қазақстан – БРИКС-ке мүшелікке өтінім берген елдердің бірі. «Аталған ұйымда Орталық Азия ұсынылуы тиіс деп санаймыз. Өңірде экономика бойынша көш бастап тұрған ел ретінде Қазақстан БРИКС-тегі Орталық Азияның экономикалық рөлін нығайтуға ұмтылады. Осыған байланысты Үндістанмен көзқарастарымыз ұқсас, өйткені Үндістан БРИКС шеңберіндегі экономикалық байланыстарға да назар аударады», – деді ҚСЗИ директоры.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Үндістанның «ақыл-ой орталықтары» арасындағы сараптамалық деңгейде ынтымақтастықты күшейту қажеттігі туралы айтты. Бүгінгі таңда екі ел арасында тиімді коммуникациялық арналар құрып, Қазақстан-Үндістан зиялы қауым өкілдері арасында өзара іс-қимылды реттеу маңызды. Қос тарап екіжақты және көпжақты форматта сараптамалық-талдамалық әріптестікті дамытуға дайын екенін білдірді.