Президент Қ.Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның стратегиялық маңыздылығы туралы айта отырып, еліміздің орта держава ретіндегі мәртебесін ерекше атап өтті. Шынында да, Қазақстанның жаһандық және өңірлік үдерістерде маңызды рөл атқаратын орта держава ретінде тану қазіргі халықаралық өмірдің ақиқатына айналды.
Геостратегиялық жағдайы, территориясының көлемі, халқы, экономикалық әлеуеті, саяси ықпалы, әскери қуаты секілді сыртқы белгілерден басқа, Қазақстанның орта держава ретіндегі ең маңызды ерекшелігі оның халықаралық деңгейдегі әрекеті, яғни әлемнің «жақсы азаматы» ретінде танылуы.
Осыған байланысты Қазақстан көпжақты ынтымақтастық, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету қағидаттарын дәйекті және табанды түрде қолдай отырып, БҰҰ-ның қызметі мен бастамаларына белсенді түрде қатысады. Астана барлық елдер мен аймақтардың мүдделерін ескере отырып, әділеттілік пен теңдіктің пайдасына өзгеріп жатқан әлемдік тәртіпті және әлемдік қауымдастық мүшелерінің ымырашыл мінез-құлқын қолдауды жақтайды.
Бұл жолда Қазақстан өзінің мүмкіндіктері мен орта державаның әлеуетін пайдалана отырып, екіжақты форматта да, көпжақты өзара іс-қимыл арқылы да осы идеяларды ілгерілетуге үлес қосты. Атап айтқанда, Астана жетекші әлемдік державалардың басшылығымен тұрақты консультациялар жүргізіп, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды көтеріп, халықаралық ұйымдардың, әлемдік және өңірлік ынтымақтастық форумдарының жұмысына белсене қатысады. Көпжақтылықты берік ұстанған Қазақстан жаһандық аренада сындарлы диалог пен өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа платформалар құруға үнемі күш салуда.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның маңызды үлесі – 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру және өткізу. Бұл әртүрлі конфессиялардың өкілдері әлемдік дамудың өзекті мәселелері талқылайтын және олардың шешемін табудағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қалыптастыратын бірегей диалог алаңы. Азиялық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне келетін болсақ, Қазақстанның маңызды бастамасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму жөніндегі аймақтық ұйымға айналдыру перспективасын ұсынуы.
Ұлттық мүдделер мен геостратегиялық бағалауларға сүйене отырып, Қазақстан сыртқы тәуекелдерді хеджирлеуге және көпжақты ынтымақтастықтан максималды дивиденд алуға мүмкіндік беретін көпвекторлы саясатты ұстанады. Астана негізгі жаһандық ойыншылармен өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті және прагматикалық түрде дамытып, еуразиялық кеңістіктегі өз ұстанымын нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай теңдестірілген тәсіл мүдделердің тиімді тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал жасайды және елдің аймақтық және халықаралық үдерістердегі жауапты және сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтады.
Жалпы алғанда, Қазақстан орта держава ретінде барлық мемлекеттер мен халықтардың тең құқылы ынтымақтастығына негізделген тұрақты және қауіпсіз әлемдік тәртіпті құруға зор үлес қосуда. Бұл ретте еліміздің сыртқы саяси кредосы – «Жаһандануға бет бұрған Әділ Қазақстан» формуласы.
Ерболат Сейлеханов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері