Айнұр Тұқымова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы
Oxford Insights халықаралық талдау компаниясы дайындаған Government AI Readiness Index 2025 қорытындысы бойынша Қазақстан 55,86 балл жинап, әлемдік рейтингте 60-орынға ие болды.
Аталған индекс мемлекеттердің жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу қабілетін ғана емес, сонымен қатар олардың экономикада дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру деңгейін де бағалайды. 2025 жылғы зерттеу 195 елді қамтыды. Рейтингтің әлемдік көшбасшылары – АҚШ, Ұлыбритания және Франция.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында 1-орынды иеленіп, Үндістан мен Түркиямен қатар Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы өңірлік көшбасшылардың үштігіне енді.
Үндістан аймақта жасанды интеллектіні пайдалануға дайындық деңгейі бойынша көшбасшылықты сақтап қана қоймай, әлемдік рейтингте де жоғарғы – 21-орынды иеленіп отыр. Елдің соңғы бір жылдағы айтарлықтай ілгерілеуі 2025 жылы жүзеге асырылған кешенді және белсенді шаралармен байланысты. Атап айтқанда, Үндістан жаңа IndiaAI Governance Guidelines құжатын жариялап, технологиялар мен саясат жөніндегі сарапшылар комитеті қолдайтын ЖИ басқару жөніндегі үйлестіру тобын жедел түрде құру міндеттемесін қабылдады. Бұл бастамалардың негізгі қаржылық негізін бес жылға есептелген 1,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тікелей федералдық инвестициялар құрады.
Түркия әлемдік рейтингте 48-орын алып, өңірдегі екінші көшбасшы мәртебесін сақтап отыр. Елде берік цифрлық және инновациялық база қалыптасқан, сондай-ақ өсу әлеуеті жоғары. Оң қадамдардың бірі ретінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласына халықаралық мамандарды тартуға арналған арнайы технологиялық визаның енгізілуін атауға болады. TechVisa бағдарламасы үш жылдық жұмыс істеу рұқсатын беруді көздейді және технопарктерде немесе инкубаторларда құрылған компаниялар үшін корпоративтік табыс салығынан, ал қызметкерлер үшін жеке табыс салығынан босату секілді елеулі ынталандыру шараларын ұсынады.
2025 жылы Қазақстан өңірде үшінші орынға көтерілді. Маңызды инфрақұрылымдық жетістік ретінде шілде айында ұлттық суперкомпьютердің іске қосылуын атап өтуге болады. Бұл елдің есептеу қуатын айтарлықтай арттырып, AI-шешімдерін ауқымды түрде енгізу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Көршілес Өзбекстан да тұрақты әрі елеулі прогресс көрсетіп келеді. Ел Президенті жақында 2030 жылға дейін жасанды интеллект саласында 5 миллион маман даярлау жөніндегі ауқымды мақсатты жариялады, бұл цифрлық трансформацияның стратегиялық сипатын айқын көрсетеді.
Оңтүстік және Орталық Азия аймағының жаһандық рейтингтегі жалпы ілгерілеуі көп жағдайда, ең алдымен, мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні белсенді пайдаланумен байланысты. Бұдан бөлек, аймақ бірнеше жылдан бері электрондық үкіметті дамытуға тұрақты түрде бағыт ұстанып келеді.
Өңір елдерінің рейтингі:
• Өзбекстан – 62-орын (54,69)
• Әзербайжан – 70-орын
• Грузия – 84-орын (43,1)
• Армения – 108-орын (37,17)
• Қырғызстан – 116-орын (33,69)
• Тәжікстан – 135-орын (27,37)
• Түрікменстан – 166-орын (20,75)
Қазақстанның ілгерілеуі жекелеген бағыттармен шектелмей, жүйелі сипатқа ие екені назар аударарлық. 2023 жылы ел осы рейтингте 72-орында болса, екі жыл ішінде 12 сатыға жоғарылап, жиынтық баллын едәуір арттырды.
Сарапшылар Қазақстанның жоғары орнын бірнеше факторлармен байланыстырады. Ең алдымен, цифрлық инфрақұрылымның дамуы және жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтерге белсенді енгізу маңызды рөл атқаруда.
Қосымша қозғаушы күш ретінде Astana Hub базасында қалыптасып келе жатқан инновациялық экожүйені атап өтуге болады. Ол мемлекет, стартаптар және халықаралық технологиялық серіктестер арасындағы өзара іс-қимыл алаңы ретінде қызмет етеді. Мұндай тәсіл жасанды интеллектіні мемлекеттік секторда енгізуге ғана емес, сонымен қатар жеке AI-бастамалардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді.
Oxford Insights бағалауынша, Қазақстанның жаһандық AI-кеңістіктегі одан әрі ілгерілеуі адами капиталды дамытуға, деректер саласындағы ұлттық саясатты тереңдетуге және жасанды интеллектіні жауапты пайдалану тетіктерін нығайтуға байланысты болады.
Айрықша атап өтетін жайт – Қазақстанда 2026 жыл Жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл шешім жекелеген цифрлық бастамалардан мемлекеттік деңгейдегі жүйелі AI-дамуға көшуді білдіреді. ЖИ жылы аясында мемлекеттік қызметтерде жасанды интеллектіні енгізу күшейтіліп, ұлттық AI-инфрақұрылым дамытылып, кадрлар даярлау мен инновациялық жобаларды қолдау кеңейтіледі. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға тиіс.


