Skip to content
Басты бет » Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде: денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды трансформациялау

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде: денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды трансформациялау

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде соңғы жылдары қаржыландыру тетіктерін трансформациялау қажеттілігі объективті түрде пісіп-жетілді. Turkistan газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев жүйедегі негізгі құрылымдық теңгерімсіздіктерді атап өтті: нәтижемен жеткілікті байланыстырылмаған жан басына шаққандағы қаржыландыру, жеке сектор қызметіне бақылаудың әлсіздігі, медициналық ұйымдар үшін экономикалық ынталандырулардың бұрмалануы. Сұхбаттың басты түйіні – формалды қамтудан нақты, өлшенетін медициналық көмекке көшу, яғни пациенттерді цифрлық есепке алу, қаржы ағындарының ашықтығы және нәтижеге жеке жауапкершілік қағидаттарына негізделген жүйені қалыптастыру.

Әлемдік тәжірибеде жан басына шаққандағы қаржыландыру, ең алдымен, бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Алайда дамыған елдердің тәжірибесі соңғы жылдары бұл модельдің нәтижеге негізделген төлем тетіктерімен толықтырылып отырғанын көрсетеді, бұл денсаулық сақтау жүйесін қызмет сапасы мен клиникалық нәтижелерге бағдарлауды күшейтеді. Мұның классикалық мысалы – Ұлыбританиядағы Quality and Outcomes Framework (QOF) жүйесі, онда бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлерінің табысының бір бөлігі клиникалық және профилактикалық индикаторларға қол жеткізуімен тікелей байланысты. Ұқсас тәсіл Эстонияда Quality Bonus System (QBS) арқылы іске асырылуда: мұнда ынталандырушы төлемдер профилактика нәтижелеріне, созылмалы ауруларды жүргізу сапасына және пациенттерді динамикалық бақылаудың тиімділігіне тәуелді.

Бұл жағдайда ынталандырушы төлемдер жан басына шаққандағы нормативтің үстіндегі қосымша тетік ретінде қарастырылады. Халықаралық тәжірибе олардың тиімділігі қызмет нәтижелерін бағалаудың әділ, ашық әрі теңгерімді жүйесінің болуына тікелей байланысты екенін көрсетеді.

Бір айта кетерлігі, Қазақстанда Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) жүйесінде нәтижеге негізделген төлем элементтері 2011 жылдан бастап қолданылып келеді. Алайда дәл 2025 жылы бұл құралдың логикасы айтарлықтай жаңартылды: индикаторлар қайта қаралып, созылмалы жұқпалы емес аурулардың профилактикасына, ерте анықтауға және пациенттерді динамикалық бақылауға басымдық берілді. Негізгі жаңашылдық – көрсеткіштердің цифрландырылуы және оларды медициналық ұйымдар қызметінің нақты, өлшенетін нәтижелерімен қатаң байланыстыру. Осылайша ынталандырушы компонент формалды сипаттан арылып, бастапқы буынның нәтижелілігін басқарудың нақты құралына айналуда. Бұл Президенттің «есеп үшін есеп беруге» жол бермеу және бүкіл жүйені адам үшін түпкі нәтижеге бағдарлау қажеттігі туралы тезисімен тікелей үндеседі.

Сұхбатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттілігі де ерекше атап өтіледі. Осы тұрғыда 2025 жылы мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін қалыптастыру бастамасы іске асырыла бастады. Бұл қадам Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС арасындағы қайталануларды жоюға, сондай-ақ қаржыландырудың ашық әрі түсінікті қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар есебінен төлеу тетігі пысықталды. Бұл шара сақтандырумен қамтуды 1 миллионнан астам адамға кеңейтуге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, аталған өзгерістер МӘМС жүйесіндегі сақтандыру қағидаттарын күшейтіп, медициналық көмекті қаржыландыруды нақты көрсетілген қызметтер мен қол жеткізілген медициналық нәтижелерге барған сайын тығыз байланыстыратын нәтижеге бағдарланған модельге көшу үшін институционалдық негіз қалыптастырады.

Сонымен қатар медициналық ұйымдардың нақты шығындарын өтеуге бағдарланған тарифтік саясат жаңартылды, жүйенің профилактикалық бағыты күшейтілді, жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі кеңейтілді. Оның ішінде Протондық орталықтың іске қосылуы Қазақстанды осындай бірегей инфрақұрылымға ие санаулы елдердің қатарына шығарды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында үнемделген қаражатты жаңадан анықталған пациенттердің қажеттіліктеріне қайта бағыттауға басымдық берілді. Ал кадрлық саясатта медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалуын күшейту негізгі бағыттардың біріне айналды. Бұл мәселе Мемлекет басшысы тарапынан да денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығының маңызды шарты ретінде жеке атап өтілді.

Жылдың соңын 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау дамуының тұжырымдамасы және 2026–2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспарын таныстыру рәсімі түйіндеді. Бұл құжаттар институттық тұрғыда денсаулық сақтау жүйесінде көлемді арттыру мен формалды қамтуды басқарудан сапа, тиімділік және халықтың жүйеге деген сенімін арттыруға көшуін бекітеді.

Осылайша, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында нақты бағыт – қызметтің адрестелуі, цифрлық бақылау және бұрмаланған ынталандыруларды жою, негізгі назар нақты нәтижелерге, адам үшін сапалы қызметке қойылады, формалды көрсеткіштерді орындауға емес. Бұл ел Президентінің Turkistan газетіне берген сұхбатында айқындалған стратегиялық басымдықтарымен толық сәйкес келеді.

Бибігүл Өмірбаева

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы