Данара Саранова, ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ-дің Шымкент қаласындағы өкілі,
Өңірлермен жұмыс істеу бөлімінің бас сарапшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жастар «қолдауға мұқтаж топ» емес, ұлттық дамудың стратегиялық ресурсы деп аталған. Мемлекет басшысы «Адал азамат», яғни адал, еңбекқор және жауапты ұрпақ қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Жаһандық бәсекелестік жағдайында адами капитал ел тұрақтылығының басты факторы боп саналады.
Мемлекет басшысы «Сондықтан біз білімге талпынған, еліміздің өркендеуін ойлайтын жастарды әрқашан қолдайтын боламыз, атқарып жатқан ауқымды істердің барлығы да өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін», — деп ерекше атап өтті.
Соңғы жылдары Қазақстандағы жастар саясаты институционалдық сипатқа ие болды. Бұрын бұл салада жеке бастамалар басым болса, бүгінде нақты нәтижелер мен көрсеткіштерге негізделген жүйелі қадамдар байқалады.
Біріншіден, білімге қолжетімділік артуда. 2024–2025 оқу жылында мемлекет бакалавриатқа шамамен 79 мың, магистратураға 13 мыңнан астам, докторантураға 2 мыңға жуық грант бөлді. Ал 2025–2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант қарастырылған, оның 60%-ы техникалық және инженерлік мамандықтарға бағытталған.
Мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 740 мың оқушы орнына арналған 369 заманауи мектеп салу жоспарлануда. 2024 жылы 217 мектеп салынып, пайдалануға берілді, ал 2025 жылы тағы да 152 мектеп ашылады. Бұл үш ауысымды оқытуды толықтай жойып, ауыл мен қала балаларына тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, жұмыспен қамту және еңбек нарығы. «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары жастарды жұмыспен қамтудың тиімді құралдарына айналды. 2024 жылы бұл бағдарламаларға 33 мыңнан астам жас маман қатысып, олардың 80%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7%-ға дейін төмендеді, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 4,7% төмен.
Үшіншіден, бұл — әлеуметтік қолдау. «Жас Отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жас отбасыларға жылдық 5% мөлшерлемемен баспана алуға көмектеседі. Еліміздің 17 өңірінде жас мамандарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл кадрларды өңірлерде бекітіп, аймақтардың дамуына серпін береді.
Төртіншіден, жастарды азаматтық бастамаларға тарту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл олардың көшбасшылық қасиетін дамытып, ел болашағына жауапты екендерін сезінуге ықпал етеді. Волонтерлікті жүйелі түрде қолдаудың арқасында бүгінде елімізде әлеуметтік бастамаларға қатысатын 250 мыңнан астам жас волонтер бар. «Taza Qazaqstan» кампаниясы аясында 2024–2025 жылдары 6,9 мың іс-шара өткізіліп, шамамен 1 миллион адам қатысқан. Ал бұл бастамалардың негізгі қозғаушы күші — жастар.
Таланттарды қолдау да назардан тыс қалған жоқ. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары жүзеге асырылып, «Дарын» мемлекеттік сыйлығы табысталуда, сондай-ақ «Азамат» және «XXI ғасыр көшбасшысы» тележобалары қайта жанданды. Мұның барлығы белсенді әрі креативті жастардың әлеуетін ашуға арналған алаңдар қалыптастырады.
Президент болашаққа деген нақты бағдарларды анықтап айтты. Оның ішінде Президенттік кадрлық резерв пен өңірлік көшбасшылық мектептерді дамыту, жастар орталықтары мен коворкингтер желісін кеңейту, ғылым, инновация, бизнес, IT, мәдениет және волонтерлік бағыттар бойынша гранттық бағдарламаларды іске қосу бар. 2025 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауы аясында 3 млн теңгеден 30 грант бөлінсе, өңірлік деңгейде қосымша 277 грант қарастырылған.
Қазірде Жастар саясаты кемелдену кезеңіне қадам басуда. Мемлекет сандық көрсеткіштерден сапалық нәтижелерге көшуде. Осы бағдарлар қаншалықты дәйекті жүзеге асырылса, Қазақстанның экономикасының қарқыны мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі де соншалықты артпақ.