Skip to content
Басты бет » Қазақстандағы әлеуметтік қолдаудың эволюциясы: сын-қатерлерден – инновацияларға

Қазақстандағы әлеуметтік қолдаудың эволюциясы: сын-қатерлерден – инновацияларға

Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі – өркениетті қоғамның дамуының ажырамас бөлігі. Азаматтардың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету – қоғамды нығайтып, әділдікке қол жеткізуге ұмтылатын елдер үшін негізгі өлшемшарт деуге болады. «Әлеуметтік мемлекет» және «әділ мемлекет» ұғымдары азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажетті нәрсенің бәрін беру міндеттемесін қамтиды.

Президент Қ. Тоқаевтың сайлау алдындағы тұғырнамасын іске асыру барысын талдай отырып, біздің еліміз қоғамның және осал топтардың мүдделері басымдыққа айналған басқарудың әлеуметтік түрін қабылдады деген тұжырым жасауымызға болады. Бұл тәсілдің маңызды аспектілерінің бірі, қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды, оның ішінде тұрақты төлемдер мен бюджет арқылы пайданы қайта бөлуді қоса алғанда оңтайлы күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ету.

Жақында Қазақстанда түрлі өңірлердегі әлеуметтік осал азаматтардың санын анықтаудағы қиындықтар еңсерілді. Бұрындары созылмалы аурулары бар азаматтар туралы шектеулі ақпарат, сондай-ақ мамандандырылған инфрақұрылымның жоқтығы қолдаудың тиімділігін бағалауда қиындықтар туғызатын. Нәтижесінде, мұның бәрі Мемлекет басшысының бағалауы бойынша мемлекет жауапкершілігінің бұлыңғырлығы мен азаматтардың өз құқықтарын түсінбеуіне әкеп соқты.

Осылайша ҚР Әлеуметтік кодексін әзірлеу және азаматтарды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Қосымша мемлекеттік көмек алуға құқығы бар қазақстандықтардың 10 астам санаты бар. Қолдау тетіктерінің ашықтығы мен түсініктігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік бағдарламалардың алушылары мен әкімшілеріне бірдей түсінікті болатын бірыңғай құжат қажет болды. Дәл осы жерде мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдеткен және азаматтарды тиімді қолдауды қамтамасыз еткен Отбасының цифрлық картасын жасау маңызды қадам болды. Бүгінде онда 19,7 млн-нан астам қазақстандық, немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

2023 жылдың басынан бастап мемлекеттік көмектің әлеуетті алушыларының телефондарына цифрлық карта операторлары Отбасының цифрлық картасы бағдарламасына қатысу туралы 740 мың ұсыныс жолдады. 283 мыңнан астам адам осы сұрауларға жауап беріп, жүйеге тіркеліп, төлемдерді артық рәсімділіксіз алып жатыр. Бұл инновациялық жүйе 64,4 мың жұмыссыз қазақстандықты қолжетімді жұмыс және тегін оқыту туралы ақпаратпен қамтамасыз етіп жатыр.

Бұдан бөлек жастар үшін жас шекарасының 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғаюы қосымша 5,7 млн адам үшін мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділіктің кеңеюіне әкелді. Ағымдағы жыл ішінде 9 мыңға жуық жас азамат, оның ішінде әлеуметтік осал топтардың өкілдері 2,5% жеңілдікті кредиттердің артықшылықтарын пайдаланып, өтеусіз грантқа ие болып, өз бизнестерін табысты іске асырды.

Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап, барлық өңірлерде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 97 мың баланы балабақшаларда тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Осылайша мемлекет мектепке дейінгі мекемелерде тегін тамақтануға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, осы санаттағы балалар үшін шығындарды қаржыландыруды өз мойнына алды. Бұған қоса қазіргі уақытта 1-4 сыныптардың 1,4 млн оқушысына және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5-11 сыныптардың 200 мыңнан астам оқушысына тегін тамақ берілді.

Сонымен қатар 2023 жылдың алғашқы екі тоқсанында бүкіл республика бойынша мұқтаж азаматтарға коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстардың өтемақы үлесі 52,7% жетті.

Әлеуметтік қолдау жүйесі үшін шарықтау шегі 16 қарашада Президент Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» жобасын бекіту туралы Заңға қол қоюы болды. Жаңа енгізілімге сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50% енді ресми түрде олар 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылатын болады. Кәмелетке толғаннан кейін оларды тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу үшін пайдалануға болады. Балалардың шоттарына алғашқы есептеулерді 2024 жылдың 1 ақпанында жүзеге асыру жоспарланған, ал қаражат доллармен сақталып, 18 жасқа толғаннан кейін теңгемен беріледі.

Ермек ТОҚТАРОВ,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы