2025 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Қазақстандағы әлеуметтік зерттеулердің болашағы: сапа, әдістер және деректер инфрақұрылымы» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті.
Іс-шараға әлеуметтану, талдау және мемлекеттік статистика саласының мамандары қатысты. Олардың қатарында «Kazakhstan Sociology Lab» зертханасының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының, Ұлттық талдау орталығының, Қоғамдық саясат институтының, Қазақстан қоғамдық даму институтының және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері бар. Сарапшылар әлеуметтік зерттеулердің әдіснамасы, жүргізу технологиялары және сапаны бақылау мәселелерін талқылады.
Қатысушылар әлеуметтік деректердің сапасы мен ашықтығын арттырудың, зерттеу инфрақұрылымын дамытудың және қоғамның сауалнама нәтижелеріне деген сенімін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстандағы әлеуметтік зерттеулердің әдіснамалық негізін жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленді.




