Ерлан Жақыпов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жаһандық экономика
және тұрақты даму бөлімінің басшысы
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инвестиция тарту мен елдің инвестициялық ахуалын жақсартудың маңыздылығын тағы да атап өтті. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік экономиканың үдемелі фрагментациясы жағдайында бұл міндет ерекше мәнге ие. Қазақстан үшін бұл тек бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар әртараптандыруға, инновацияларға және институционалдық ортаны дамытуға негізделген жаңа даму нүктелерін қалыптастыру қажеттігін білдіреді.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына 6,6 млрд доллар инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға артық. Жалпы алғанда, 2005 жылдан бері елге 424,3 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған.
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан халықаралық рейтингтер деңгейінде оң белгілер көрсетуде. Мәселен, S&P агенттігі Қазақстанның жағдайы бойынша болжамды «тұрақтыдан» «позитивтіге» жақсартып, «BBB-» рейтингін растады. Сонымен қатар World Competitiveness Ranking 2025 рейтингінде Қазақстан бір сатыға көтеріліп, 34-орынды иеленді. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық пен іскерлік ортаның жақсарғанын көрсетеді.
Жаһандық және өңірлік инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп жатқан жағдайда Қазақстан инвесторларға институционалдық қолдауды арттырды. Осы мақсатта «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Инвестициялар тарту кеңесі (инвестициялық штаб) құрылды. Оның негізгі міндеті – туындайтын мәселелерді жедел шешу, жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде көмектесц және жаңа бастамаларды жедел іске қосу. Штабтың басты мақсаты – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық әрі шетелдік компаниялар үшін қолайлы жағдай жасау.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды тапсырды. Бұл бизнес үшін Қазақстанда олардың мүдделерін қорғаудың басымдыққа ие екендігі жөнінде оң сигнал болмақ. Ал келешекке келсек, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін және жоғары технологиялық салаларды дамытуға айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, дәл осындай инвесторлар үшін басым жағдайлар жасалатын болады.
Инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыру мақсатында өткен жылдың қазан айында 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл саясаттың негізгі мақсаттары:
- негізгі капиталға инвестицияларды ЖІӨ-нің 23%-ына дейін ұлғайту;
- сыртқы инвестициялар үлесін 30%-ға дейін жеткізу;
- 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту.
Инвестиция тартудың жаңа тәсілі экономиканың нақты салаларының қажеттіліктерін ескеруге негізделген. Инвестицияларға «тапсырыстар» отандық бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың сұранысына қарай қабылданбақ. Бұл инвестициялық саясаттың нысаналы бағыты мен тиімділігін арттыруы тиіс.
Жалпы алғанда, Қазақстан ЭЫДҰ-ның Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы Декларациясының қағидаттарын ұстанып келе жатыр. Бұл еліміздің жаһандық аренадағы сенімді әрі болжамды серіктес ретіндегі имиджін күшейтеді.