ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ағымдағы жылдың 11 мамыры мен 22 маусымы аралығында әлеуметтанулық сауалнама жүргізді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар: Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан респонденттері қатысты
Сауалнама барысында респонденттерге ұлтты біріктіретін негізгі белгілерді анықтау ұсынылды. Бірінші кезекте – бұл паспорт, –респонденттердің 46%-ы оны негізгі біріктіруші фактор деп санайды. Екіншіден, бұл Қазақстан жерінде туылғаны және ортақ ата-бабалардың болуы (39,9%). Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі (32,0%) ұлттың біріктіруші элементі ретінде тілдің ортақтығын көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқан әрбір бесінші адам (21,8%) елдің жетістіктері үшін мақтаныш, патриотизм сезімі және баршаға ортақ құндылықтар, нормалар мен мінез-құлық (21,3%) ұлтты біріктіреді деп санайды (жауаптар саны 100%-дан асады, себебі респонденттерге бірнеше жауап нұсқасын таңдау берілді).
Ал бізді еліміздің азаматы ететін не? Респонденттердің басым көпшілігі азаматтылықтың маңызды көрінісі заңға бағыну, заңдарды сақтау деп санайды (сауалнамаға қатысқандардың 63,3%).
Егер адамдар ортақ, ұқсас идеалдарға ие болса, кез-келген қоғам үйлесімді және біртұтас болады. Қазақстандықтар отбасы (99,6%), жұмыс және еңбек (92,9%) және достар (92,4%) сияқты ұғымдарды маңызды деп санай отырып, бірауыздылықты көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігінің пікірінше, қажырлы еңбек марапатталуы керек: «толық келісемін» жауабын респонденттердің 66,2%-ы, «келісемін» жауабын 32,5%-ы таңдаған. Сонымен қатар қоғамда патерналистік үміттер сақталып келеді, респонденттердің 93,8%-ы үкімет әрбір азамат үшін жақсы өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуі керек деп санайды («толық келісемін» – 53,8%, «келісемін» – 40,0%).
Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың басым көпшілігінің (91,2%) түсінігінде ғылым мен технология өмір сүру сапасын жақсартуда шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
Респонденттердің құндылықтарын талдау еркіндік құндылығының теңдікке қарағанда артықшылығын көрсетеді (62,9% және 33,8%). Ал, қауіпсіздік еркіндікпен салыстырғанда маңызды құндылық ретінде қарастырылады (68,7% және 28,6%).
Осылайша, жинақталған мәліметтер азаматтардың құндылықтарының бірлігін, отбасы, еңбек және қауіпсіздік құндылықтарының басымдығын көрсетеді.