2025 жылғы қазан айында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың 81,1%-ы саяси курсқа қолдау білдіреді және елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді.
Әлеуметтік-демографиялық талдау көрсеткендей, ең жоғары әлеуметтік оптимизмнің деңгейі дәстүрлі түрде жастар арасында басым. 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 85,5%-ы елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтындарын білдірген.
Ауыл тұрғындары елдің даму бағытын бағалауда неғұрлым оптимистік көзқарас танытты – олардың 84,3%-ы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Ал қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 79,1%-ды құрайды.
Жыныстық тұрғыдан алғанда, әлеуметтік оптимизм деңгейінде айтарлықтай айырмашылық байқалмайды: ерлердің 80,5%-ы және әйелдердің 81,7%-ы елдің даму бағытын оң бағалайды.
Азаматтардың саяси курсқа қанағаттанушылық деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі елдегі тұрақтылықты бағалау. Тұрақтылық әлеуметтік-экономикалық даму мен жеке әл-ауқаттың негізгі шарты болып табылады. Осыған байланысты сауалнамада бұл тақырыпқа арналған жеке сұрақтар блогы енгізілді.
Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі жағдайды тұрақты деп санайды. Респонденттердің 74,6%-ы Қазақстанда тұрақтылық сақталып отыр деп есептейді. Әсіресе жастар арасында бұл көрсеткіш 80,6%-ға жетеді. Гендерлік тұрғыда ерлердің 76,1%-ы, әйелдердің 73,5%-ы елдегі ахуалды тұрақты деп бағалайды.
Ауыл тұрғындарының арасында оң жауаптардың үлесі 76,7%-ды, ал қала тұрғындарының арасында – 73,3%-ды құрайды. Бұл қала мен ауылдағы қоғамдық көңіл-күйдің жалпы оң бағытта сақталып отырғанын көрсетеді.
*Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.


