Айдана Акесина,
ҚР Президенті жанындағы ҚЗСИ-ның
стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы
Бүгінгі таңда цифрлық трансформация экономиканы жаңғыртудың және азаматтардың өмір сүру сапасы мен жайлылығын арттырудың негізгі құралына айналуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы Жолдауында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, жайлы және қауіпсіз ортаның, оның ішінде смарт қалалық экожүйелердің жаңа стандарттарын қалыптастыратын технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінген. «Үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндет қойылды», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстандағы урбанизацияның өсуі аясында цифрлық қалалық экожүйелерді қалыптастыру мәселесі ерекше өзектілікке ие болу үстінде. Соңғы он жылда еліміздегі қала тұрғындарының үлесі 57,1%-дан 63,1%-ға өскен. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 мамырда Қазақстанда 12,8 миллион қала тұрғыны және 7,5 миллион ауыл тұрғыны тіркелген.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл үрдіс қазіргідей жалғаса берсе, бес жылдан кейін урбанизация деңгейі 66%-ға жетуі мүмкін. Ал бұл көрсеткіш 2025 жылдың соңына дейін 62,6% болады деген базалық болжамнан асып түспек. Қала тұрғындарының санының күрт артуы көлік, энергетика және әлеуметтік қызметтерге жүктемені арттырып, қалаларды басқарудың тиімділігін арттыратын цифрлық технологияларға сұранысты күшейтеді.
Цифрлық қалалар тақырыбы бірнеше жылдан бері назарда және бұл тақырып 2024 жылдың қазанында жаңа серпін алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев G42 компаниясының басқарма төрағасы Пенг Сяомен кездесіп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Smart City жүйесін енгізу перспективаларын талқылады. Мұндай бастамаларды іске асыру үшін инженерлік, көлік және цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту керегін ескерген жөн.
2025 жылы Қазақстан тұрғындарына үйге арналған жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернетін қосу мүмкіндігі берілді. Бұған дейін бұл технология шалғай өңірлердегі мектептерге арналған пилоттық жобаларда ғана қолданылған. Сонымен қатар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлескен жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы жалғасуда. Жоба 2026 жылға дейін 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтуды мақсат етіп отыр.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту контекстінде елімізге 2025 жылы жеткізілген жаңа буындағы суперкомпьютердің маңызы да ерекше. Оның есептеу қуаты жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу мен сынауға кең мүмкіндік береді. Бұл технологияның негізгі бағыттарының бірі — «ақылды» қалаларды басқару: көлік логистикасынан бастап энергия тұтынуды реттеу, экологиялық мониторинг пен қоғамдық қауіпсіздік жүйелеріне дейін. Бұл жай ғана технология емес, Қазақстанды өңірлік цифрлық көшбасшылықтың жаңа деңгейіне шығара алатын стратегиялық ресурс.
Мықты цифрлық инфрақұрылым цифрлық егемендікті қамтамасыз етіп қана қоймай, «ақылды» жүйелерді, соның ішінде қалалардың «цифрлық егіздерін» құруға мүмкіндік береді. «Цифрлық егіздер» дегеніміз- бұл нақты қалалар мен қалалық жүйелердің виртуалды көшірмелері, олар үнемі «түпнұсқамен» сәйкестендіріліп отырады. Мұндай жүйелер қаланы дамытудың түрлі сценарийлерін модельдеуге және нақты негізделген әкімшілік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Шанхай, Шэньчжэнь сияқты әлемнің ең «ақылды» қалалары BIM-технологиялар (Building Information Modeling) негізінде «цифрлық егіздер» жүйесін белсенді енгізіп, азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруда.
Осыған орай Президенттің Жолдауында қалаларды басқаруға жасанды интеллектті енгізу сияқты цифрландырудың жаңа стратегиялық бағыттары айқындалды. Қазақстан электрондық үкімет пен финтех саласында өңірлік көшбасшы ретінде танылып үлгерді, енді осы көшбасшылықты урбанистика мен «ақылды» қалалар саласында жүзеге асыру маңызды. Бұл — технологиялар халықтың өмір сүру сапасын тікелей жақсартуға жұмыс істейтін жаңа кезең.