2023 жылдың 6 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ҚР СІМ Қоғамдық кеңесінің сыртқы саяси қызметін аналитикалық қамтамасыз ету комитетінің бірінші отырысы өтті. Іс-шарада Қазақстанның сыртқы саясатының Орталық Азиядағы жаңа ұстанымдары талқыланды.
Қазіргі таңдағы жаһандық үдерістер мен әлемдегі қарама-қайшылықтардың өсуі аймақтың экономикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар оның одан әрі даму парадигмасының қалыптасуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сол себепті Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы дұрыс бағытта келе ме, қазақстандық дипломатия ынтымақтастыққа қандай үлес қоса алады деген сұрақтар күн тәртібінде тұр.
Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, Аналитикалық қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Еркін Тұқымов ОА елдері арасындағы стратегиялық әріптестікті ілгерілету үшін ҚР СІМ қандай міндеттер қою керектігін талқылауды ұсынды.
Отырыс барысында А.Арыстанбекова, Е.Салтыбаев, Ч.Лаумулин, М.Сыдықназаров, Н.Әділханұлы, М.Әбішева, М.Ерман, Қ.Нұғманова, Қ.Еженова сияқты комитет мүшелігіне кірген сарапшылар өңірді дамытудың ықтимал сценарийлері, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың перспективалық жобалары және толыққанды ынтымақтастықты дамытуға серпін бола алатын негізгі мүмкіндіктерді талқылады.