Skip to content
Басты бет » Қазақстанның жаңғырудағы жаңа кезеңі: өсудің рекордтық көрсеткіштерінен сапалы дамуға өту

Қазақстанның жаңғырудағы жаңа кезеңі: өсудің рекордтық көрсеткіштерінен сапалы дамуға өту

2025 жыл Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер жылы болды – саяси жаңалықтар мен экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Ел экономикасы 6%-дан астам өсті, ЖІӨ көлемі 300 млрд АҚШ долларынан асты, ал бір адамға шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға жетті. Бұл көрсеткіштер тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін рекордтық деңгей.

Сонымен бірге, мемлекет стратегиялық күнтәртібінде қол жеткізілген нәтижелер – соңғы нүкте емес, бұл жаңа даму кезеңіне өтудің нышаны екені күннен күнге айқын сезілуде. Turkistan газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «экономика ішінде тепе-теңсіздіктер сақталып отыр, оларды жүйелі түрде түзету қажет» деп нақты атап өтті. Мұнда дағдарыс туралы сөз жоқ, бұл «өсу ауруы» деп аталатын жағдай, оны жеңу үшін нақты іс-қимыл жоспары дайындалған.

Осы тұрғыда Қазақстанның алдында тұрған міндет – сандық өсу кезеңінен сапалы әрі инклюзивті дамуға өту, оның негізгі бағыты еңбек өнімділігін арттыру, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту және азаматтардың әл-ауқатын көтеру

Біріншіден, транзиттік және логистикалық әлеуетті күшейту экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырылады. 2025 жылы Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылды, 13 мың шақырымдық автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмыстары басталды, сондай-ақ жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырымды құрайтын жаңа жобалар жүзеге асырылуда, соның ішінде стратегиялық маңызды Орталық – Батыс трассасы және Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Зайсан, Қатонқарағай және Кендерліде жаңа әуежайлар салынып жатыр, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазақстан үшін бұл инфрақұрылымдық жобаларды жұмыспен қамтудың, өңірлік дамудың және елдің экономикалық байланыстылығын арттыру мультипликаторы ретінде пайдаланудың нақты мүмкіндігі.

Екіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллект қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, экономикадағы еңбек өнімділігін арттырудың маңызды ресурсына айналуда. Мұндай жағдайда Президент белгілеген стратегиялық міндет – алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру бастамасы елге жаңа мүмкіндіктер ашады. 2025 жылы әзірленген «Жасанды интеллект туралы» заң жаңа саланы реттеудің негізін бекітіп, Қазақстанды осы салада нормативтік базаны жасаған алғашқы елдердің қатарына қосты. Сонымен қатар, суперкомпьютерлер іске қосылды және AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында жүздеген мың студент оқудан өтті. Бұл адам капиталы мен экономикадағы жаңа салаларды дамыту үшін берік негіз қалыптастырады.

Үшіншіден, Президент сұхбатында әлеуметтік әділдік мәселесіне жеке назар аударылған. Бұл қоғамдық игіліктерді бөлудің жаңа моделін қалыптастыруға қатысты, оның ішінде тарифтік саясат, салық реформасы және әлеуметтік жеңілдіктер жүйесі қамтылған. Бүгінде бюджеттік шығындардың шамамен 40 %-ын құрайтын әлеуметтік саясат тек масылдықтың көзі ретінде емес, әлеуметтік лифттерді іске қосу механизмі ретінде қарастырылуы тиіс. Сондықтан негізгі принцип — нақты көмек: мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шындап мұқтаж азаматтарға жетуі қажет.

Анна Альшанская

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы