Skip to content
Басты бет » Қазақстанның жасанды интеллектке қатысты стратегиялық қадамы: цифрлық болашаққа жол

Қазақстанның жасанды интеллектке қатысты стратегиялық қадамы: цифрлық болашаққа жол

Бекжан Садықов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев елімізде жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту перспективаларына ерекше көңіл бөлуде. Цифрлық күн тәртібі мен ЖИ мәселелері оның қатысуымен өткен соңғы іс-шаралардың барлығында дерлік талқыланды. ЖИ Мемлекет басшысының БАӘ-ге жұмыс сапарының күн тәртібіне енгізілді, сондай-ақ кәсіпкерлермен жақында өткен кездесуде көтерілді. БҰҰ деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік экономиканы шамамен 20 трлн долларға дейін ұлғайтады, ал Қазақстан бұл саланың маңыздылығын түсініп, мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде оны дамыту қажеттілігін ескереді.

ЖИ халықаралық қатынастарға барған сайын ықпал етіп, өзара іс-қимыл практикасын өзгертуде. Біз ЖИ-дің ғаламдық динамиканы қалай өзгертетінін байқап отырмыз, онда ЖИ технологияларын қолдану шеберлігі геосаяси жағдайды айқындауға немесе тіпті анықтауға мүмкіндік береді.

ЖИ саладағы жарыс қазірдің өзінде басталды, және қажетті инфрақұрылымды дамытуды мақсат еткен елдер көш бастап келеді: АҚШ бұл салаға 500 млрд доллар, Қытай қосымша 140 млрд доллар, ал ЕО шамамен 320 млрд доллар (оның 35%-ы Францияға тиесілі) инвестиция салуды жоспарлауда. Осы тұрғыда ЖИ-ді пайдалану мүмкіндіктерін тиімді іске асырып, оның қауіп-қатерлерін ескеру маңызды, сонымен қатар, әділ бәсекелестіктің геосаяси шиеленіске айналуына жол бермеу қажет.

ЖИ – бұл құрал. Оны адамзаттың әл-ауқатын жақсарту үшін пайдалануға болады, бірақ ол сондай-ақ жойқын әлеуетке ие – дәл бір кездері адамзат өрт пен электр қуатын игермей тұрып, олардың қауіпті болуы сияқты.

ЖИ-ді игерудің алғашқы қажетті қадамы – стандарттарды енгізу және реттеуші құқықтық базаны қалыптастыру. Қазіргі жаһандық сын-қатерлерге назар аудару басты міндет және олардың пайда болу себептері мен көзқарастарға қарамастан маңызды күн тәртібі болып қала береді. ЖИ ілгерілеуді едәуір жеделдетіп, әртүрлі тәуекелдермен қатар жүреді. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ, оны қауіп-қатерлерді азайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін пайдаланудың тиімді тәсілдерін әзірлеуге көбірек көңіл бөлуде.

ЖИ-ге қатысты негізгі қауіптер – қауіпсіздік мәселелері мен экономикалық теңсіздіктің күшеюі. ЖИ технологияларын қолдану саласындағы халықаралық серіктестік өзара тиімді шешімдер әзірлеуге ықпал етіп, қауіп-қатерлер, ұлттық және қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу жолын аша алады. Жаһандық деңгейде тиісті реттеусіз ЖИ-ға қатысты бәсеке адамзат үшін жарысқа айналып, халықаралық қауымдастық үшін ұзақ мерзімді дамудың орнына келуі мүмкін.

Қазақстан ЖИ дамыту бойынша ұлттық экожүйесін белсенді қалыптастырып, оның қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуде. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үлкен мән беріп, еліміздегі цифрлық шешімдердің оң перспективалары туралы бірнеше рет атап өтті. Егер ЖИ-дің пайда болуын Гутенбергтің баспа машинасын ойлап табуымен салыстырсақ, ол өз кезегінде Ренессанс дәуіріне серпін бергендей, Қазақстанда ЖИ технологияларын ұтымды және теңгерімді пайдалану ұлттық дамудың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, еліміз ЖИ-дің жаһандық экожүйесінің белсенді қатысушысы болуды жоспарлап отыр. Қазақстан ЖИ-дің тәуекелдерін реттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, оны қауіпсіз және тиімді пайдалану үшін заң жобаларын әзірлеуде. Мәселен, 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, бұл саладағы институционалдық негізді қалыптастыруға ықпал етеді.

Елімізде ЖИ технологияларын интеграциялау қарқынды дамып, одан әрі прогреске жағдай жасалуда. Мысалы, AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, Президент жанындағы ЖИ дамыту кеңесі жасақталуда, сондай-ақ 1 млрд долларлық венчурлік инвестициялар қорлары қоры іске қосылуда.

Қазақстанның ЖИ ұлттық экожүйесін дамыту халықаралық ұйымдармен және стратегиялық серіктестермен белсенді өзара іс-қимылмен толықтырылуда. Алдымызда тұрған міндет – Еуразияда цифрлық хаб құру. Бұл бағытта Қазақстан ынтымақтастыққа ашықтығын көрсетіп, жаңа жобаларға жан-жақты қолдау білдіріп отыр.

Қазақстан тек жаһандық трендтерді ұстанумен шектелмей, сонымен қатар, ЖИ саласында әділ және өзара тиімді ережелерді қалыптастыруда белсенді рөл атқаруға ұмтылады. Халықаралық сарапшыларды тарту, отандық құзыреттілікті дамыту және инновациялық шешімдер үшін қолайлы жағдай жасау – елдің цифрлық трансформациясының берік негізін қалыптастырады. Қазақстанның өңірлік цифрлық хабқа айналуына барлық алғышарттар бар.

Өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында Қазақстанның ЖИ дамытудағы стратегиялық тәсілі халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл технологияларды жауапты пайдалану – елдің цифрлық болашағының табысты болуының кепілі, соның арқасында Қазақстан әлемдік күн тәртібіндегі өз позициясын нығайта алады.