1 бөлім. Атлант аспанындағы қара бұлттар
Ерболат Сейлеханов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері,
саяси ғылымдар докторы
Еуроатлантикалық қатынастар Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған кезінен бергі ең күрделі дағдарысты бастан кешіп отыр. Батыс блогы серіктестерінің бұрынғы ынтымағы шайқалып, толыққанды тарифтік соғыстың қаупі күшейіп келеді, сыртқы саясат мәселелеріндегі келіспеушіліктер көзге бірден түседі, АҚШ Еуропаның қауіпсіздігіне жауапкершілікті еуропалықтардың өздеріне жүктеуді жоспарлап отыр, тараптар арасындағы құндылықтық жіктеліс те айқын байқалады.
Алайда, қазіргі еуроатлантизм дағдарысын ерекше оқиға деп санау орынды емес. 2003 жылғы Ирактағы соғыс кезінде Франция мен Германия Вашингтонның бұл елдегі әскери операциясын қатаң сынға алғанын АҚШ пен еуропалық елдер арасындағы келіспеушіліктердің мысалы ретінде еске түсірудің өзі жеткілікті. Ол кезде АҚШ-тың Берлиндегі елшісі Дональд Коатс: «Францияның ұстанымы АҚШ үкіметін қатты қапаландырды», ал «ГФР-дың Ирак мәселесіндегі ұстанымы Германия мен АҚШ арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нашарлатып, бұл деңгейде еш салдарсыз қалмайды» деп мәлімдеген еді. Кіші Джордж Буш басқарған республикашыл әкімшілік соғысқа қарсы шыққандарды «жазалап», оларды Иракты қалпына келтірудің тиімді жобаларына қатысу мүмкіндігінен іс жүзінде шеттеткен. Бұған жауап ретінде Еуропалық одақ қақтығыстан кейінгі елді дамытуға арналған донорлық көмекті айтарлықтай қысқартты (қажетті 30 млрд доллардың орнына 800 млн доллар бөлді). ЕО сонымен бірге, егер елді соғыстан кейін қалпына келтіру ісін АҚШ-тан БҰҰ немесе Еуроодақ өз қолына алатын болса, көбірек қаражат бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда АҚШ бұл ұсыныстан бас тартқан еді.
Трансатлантикалық қатынастар кезекті шиеленіс кезеңін 2016-2020 жылдары АҚШ президенті Дональд Трамптың бірінші мерзімінде бастан өткерді. Дональд Трамп трансатлантикалық байланыстарды белсенді түрде сынап, НАТО сияқты альянстардың маңыздылығын бірнеше рет күмән астына алды, сондай-ақ Германияның қорғанысқа тым аз қаражат бөлетінін алға тартып, АҚШ-тың бірқатар әскерін бұл елден шығару туралы мәлімдеді. Ол ЕО-мен саудаға кедендік тарифтер енгізді (болатқа – 25%, алюминийге – 10%), бұл өз кезегінде Брюссельдің қарсы шараларына себеп болды (жылына 2,8 млрд еуро көлеміндегі болат пен алюминий, джинсы, мотоцикл және виски өнімдеріне баж салығы енгізілді). Сонымен қатар Трамп әкімшілігі ресей-еуропалық «Солтүстік ағын-2» газ құбыры жобасына санкциялар салып, оның іске асуын тоқтатты. Бұдан да бөлек, АҚШ жиі халықаралық келісімдерді айналып өтіп, маңызды саяси шешімдерді біржақты түрде қабылдап отырды (мысалы, Париж климат келісімі мен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарына қатысудан шығуы), әрі бұл шешімдерімен Еуропаға ашық қысым жасады. Мұның барлығы Еуроодақта тек наразылық туғызып қана қоймай, нақты әрекеттерге де алып келді. Соның нәтижесінде Еуропаның «стратегиялық автономиясы» тұжырымдамасы мен француз президенті Эммануэль Макрон ұсынған бірыңғай еуропалық армия құру идеясы пайда болып, ЕО-ның қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы Тұрақты құрылымдық ынтымақтастық (PESCO) бағдарламасының негізін қалады.
2025 жылы АҚШ-та Трамптың билікке қайта оралуы трансатлантикалық бірліктің бөліну үрдісінің одан әрі тереңдей түскенін көрсетті. Америкалық президент пен оның орынбасары Джей Ди Вэнс Еуропаға демократияны үйретуді ашық түрде қолға ала бастады (мысалы, Румыниядағы президент сайлауы немесе оңшыл популистердің «қысымға алынуы» мәселелерінде), еуропалық либералдық құндылықтарды сынап, АҚШ-тың НАТО-дағы қатысуы үшін ЕО-дан әскери шығындарын ЖІӨ-нің 5%-на дейін арттыруды талап етті. Трамп тіпті НАТО-ға мүше мемлекеттер Уэльс келісімінде көзделген 2% деңгейіне дейін әскери бюджеттерін көтермесе, АҚШ оларды қорғамайтынын мәлімдеді. Ақ үй басшысы Еуропаның өз әлеуметтік қажеттіліктеріне қаржы үнемдеп, ал қауіпсіздік шығындарының негізгі бөлігін АҚШ көтеріп отырғанын әділетсіз деп санайды. Трамп АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері мен әскери көмегі енді тегін болмайды, олар ақылы қызметке айналатынын да ашық мәлімдеді.
АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуіне АҚШ-тың 47-президентінің ЕО-ға мүше Данияның автономиялық аумағын – Гренландияны Америкаға беру туралы ультиматумға пара-пар мәлімдемесі де себеп болды. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен Вашингтонға қатаң жауап беріп, «Гренландия сатылмайды және сатып алынбайды, аралдың болашағы туралы шешімді тек оның халқы ғана қабылдай алады» деп мәлімдеді. Данияны Брюссель де қорғап шығып, егер АҚШ Гренландия мәселесінде Копенгагенге қысым жасайтын болса, Еуропалық одақ тарапынан бірлескен әрі қатаң жауап болатынын ескерткен еді.
Еуропа үшін ерекше ашу тудыратын жайт – Ақ үй әкімшілігінің ЕО-мен одақтастық қатынастарды іс жүзінде елемеуі. Мұның айқын дәлелі – АҚШ-тың Украинадағы соғыс бойынша Ресеймен бөлек келіссөздер жүргізуі және Таяу Шығыстағы дағдарысты реттеу мәселесінде еуропалық серіктестермен ешқандай кеңес өткізбеуі. Басты бітімгер атағын иеленуге ұмтылған АҚШ бұл мәселелерді біржақты шешуге тырысып, Еуропаны тиісті келіссөздерден тыс қалдырды. Бұған қоса, ЕО-ны Қытаймен қақтығысқа тартуға шақыра отырып, Вашингтон бір мезетте Женевада еуропалықтардың сыртынан Пекинмен тарифтік келісім бойынша келіссөздер жүргізіп келеді. Бұл өз кезегінде АҚШ пен Қытайдың Еуроодақ есебінен өздеріне тиімді мәміле жасау әрекеті деп бағалауға болады.
Трансатлантикалық қатынастардың нашарлауындағы өзіндік шарықтау шегі Трамп бүкіл әлемге, соның ішінде ЕО-ға, қарсы жариялаған сауда соғысы болды. Биылғы 2 сәуірде Трамп 185 елге, оның ішінде ЕО-ға қатысты, «өзара» деп аталатын 10-нан 50%-ға дейінгі жаңа импорттық баж салығын енгізді. Атап айтқанда, Еуропалық одақ үшін 20%, Қытай үшін 34% тариф белгіленді. Кейінірек Трамп Қытайға қатысты баж салығын 145%-ға дейін көтеруге тырысты (Қытай өз кезегінде америкалық тауарларға тарифті 125%-ға арттырды). Алайда Женевада өткен келіссөздер нәтижесінде тараптар өзара тарифтерді қытай тауарлары үшін 30%-ға дейін, ал АҚШ тауарлары үшін 10%-ға дейін төмендетуге келісті. Өз кезегінде, Брюссельдің қарсы шаралар қабылдауға дайын екенін қатаң мәлімдеуі Трампты Еуропаға қарсы тарифтерді енгізуді 90 күн кейінге шегеруге мәжбүр етті.
ЕО АҚШ енгізген баж салығын негізсіз әрі жойқын деп санайды, өйткені бұл шешім екі тараптың да экономикасына және жаһандық экономикаға залал келтіреді. Брюссель өз кезегінде Вашингтонмен «теңгерімді әрі өзара тиімді» шешім табу үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін атап өтті. Ал әзірге АҚШ-пен өзіндік «жекелеген бітімге» келе алған жалғыз ел – Ұлыбритания. Ағымдағы жылдағы 8 мамырда Лондон Трамппен сауда келісіміне қол қойып, кедендік тарифтер тізіміндегі елдер қатарынан шықты.
Трамптың риторикасында Еуропа «Қытайдан да жаман», себебі «АҚШ-ты тонап отыр». «Еуропалық одақ АҚШ-пен саудадан пайда табуды негізгі мақсат етіп құрылған. Ол тым күрделі серіктеске айналды. Оның қуатты сауда тосқауылдары, қосылған құн салығы, абсурдты корпоративтік айыппұлдары, ақшалай емес сауда кедергілері, валюта манипуляциялары, америкалық компанияларға қарсы әділетсіз әрі негізсіз сот талаптары және тағы басқа әрекеттері АҚШ-тың жылына 250 миллиард доллардан асатын сауда тапшылығына алып келді – бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай», – деп жақында Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
АҚШ көшбасшысының Еуропалық одаққа деген наразылығын түсінуге болады, себебі АҚШ-тың бюджет тапшылығы қазіргі таңда 37 триллион долларға жақындап қалды. Соның салдарынан елде экономикалық дағдарыс қаупі күшейіп, инвесторлардың АҚШ-қа деген сенімі төмендеуде, ал доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі позициясы әлсіреп барады. Бұл жағдай Трамптың нақты экономика саласындағы жобасын қауіп астына қояды. Ол жоба – АҚШ-тың өнеркәсіптік әлеуетін қайта қалпына келтіріп, Американың басты өнеркәсіп салаларын, соның ішінде еуропалық нарықтарда да, басымдыққа ие ету жүйесін құру. Бұл жобаның сәтсіздігі Трамптың беделі мен оның АҚШ тарихындағы ең ұлы президенттердің бірі боламын деген жеке амбициясына соққы болып тиері анық. Сондықтан ол мұндай жағдайға жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.