Жақында Мәскеуде орын алған лаңкестік әрекеттер тек Ресей қоғамын ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де қатты алаңдаушылық тудырды. Бұл күтпеген оқиға радикалды және экстремистік ағымдардың деструктивті әсерін тиісінше бағаламаудың салдары қандай болатынын тағы бір дәлелдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде жаһандық тұрақсыздықты радикалды идеяларды ілгерілету және ксенофобияны қоздыру мақсатында пайдалану әрекеттерінің күшеюіне, сондай-ақ оларға қарсы тұру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Бұл мәселеде Президент ҚХА-ға әлеуметтік интеграция мен белсенді патриотизмнің жетекші институты рөлін жүктейді.
Бұл тек мәдени-көпшілік шараларды өткізуді ғана емес, сонымен қатар ҚХА-ның «Ақсақалдар кеңесі» секілді діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетіктерін құру жұмысын да қамтиды. Бұл жоба 2023 жылы құрылған. Өңірлерде барлығы 1119 «Ақсақалдар кеңесі» жұмыс істейді, оның құрамында жеті мыңнан астам адам бар. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық пікір көшбасшыларының басын біріктірген «Ақсақалдар кеңесі» экстремизмнің алдын алу, радикалды идеяларды насихаттау сынды түрлі мәселелерді қамтуда. Кеңес жұмысына қандай да бір баға беруге әлі ерте екеніне қарамастан, мұндай мәселелерді қызмет бағыттарының қатарына қосу көңілге қонымды.
Ақсақалдар кеңесін мысалға ала отырып, ҚХА аясында атқарылып жатқан шаралардың шиеленістердің алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға әлеуеті бар екенін көреміз. Ассамблея мемлекет, қоғамдық ұйымдар және жергілікті қоғамдастық арасында мигранттарды біріктіруге және көпұлтты аймақтардағы өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін делдал бола алады. Сонымен қатар, ҚХА мәдениетаралық алмасу жобаларын, соның ішінде студенттер алмасуын, мәдени фестивальдерді, тіл курстарын және басқа да іс-шараларды қолдау және бастамашылық ету арқылы қазақстандықтар арасындағы өзара түсіністік пен толеранттылықты нығайтуға көмектесуі керек.
ҚХА-ның экстремизмге және радикалдануға қарсы күреске белсенді қатысуы мақұлдауға және қолдауға лайық, өйткені ол әрбір азамат өзін құрметтейтін және қорғалатынын сезіне алатын біртұтас және инклюзивті қоғам құруға ұмтылады.
Гүлназ Қасымова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы