Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптама алаңының отырысын өткізді.
Іс-шара барысында Президенттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы Жолдауының негізгі месседждері, сондай-ақ оларды іске асырудың заңнамалық тетіктері талқыланды. Заң шығару процесінің тиімділігін арттыру үшін Парламент пен сараптамалық-аналитикалық қоғамдастық арасындағы тиімді өзара әрекеттестікке ерекше назар аударылды.
Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ қатысып, Мемлекет басшысының өз Жолдауында Үкіметке, Парламентке және мемлекеттік органдарға жүктеген міндеттерді жүзеге асыру барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың бірлескен күш-жігерді қажет ететінін атап өтті.
Ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті жою бірінші кезектегі мәселе. Сенат спикерінің пікірінше, мұндағы басты месседж, «шама-шарқына қарап өмір сүру».
«Ел Президенті Үкіметке бюджет шығыстарын ұтымды ету бойынша пәрменді шаралар қабылдауды және олардың тиімділігіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру және бюджетаралық қатынастарды оңтайландыру міндеті қойылды, бұл да жергілікті жерлерде қаражатты тиімсіз пайдалануды болдырмау үшін жетілдіруді талап етеді. Бұл ретте салық саясаты жоғары сапалы экономикалық өсуді ынталандыратын құралға айналуы тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу барысында Жолдаудың адами капиталды дамытуға қатысты тезистеріне, оның ішінде ұлт денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған шараларға және алдыңғы қатарда тұрған басқа да салаларға баса назар аударылды, бұл өз кезегінде Сенат қызметінің негізгі бағыттары.
Осы орайда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда кешенді тәсілдің маңыздылығы атап өтілді. Мәулен Әшімбаев оларға қол жеткізудегі Парламенттің рөлін және тәуелсіз сарапшылармен және ғылыми институттармен белсенді ынтымақтастықта жүргізіп жатқан Сенаттың ғылыми-сараптамалық әлеуетті нығайту тәжірибесін ерекше атап өтті. Мұндай ұстаным тиімді және өзекті заңнамалық бастамаларды дамытуға ықпал етеді.
«Сенат заң шығару қызметінің сапасын арттыру үшін ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп келеді. Біз сарапшылардың тиімді және өзекті заңнамалық бастамалар әзірлеуге ықпал ететін ұсыныстары мен идеяларын әрдайым ескеруге тырысамыз. Қазір Парламенттің алдында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыруға арналған сапалы заңдар қабылдау міндеті тұр. Бұл істе Сарапшылар клубы және басқа да алаңдар аясында сарапшылармен жұмыс жандана түседі. Осы ретте бүгінгі талқылау да Парламенттің заң шығару қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Біз заңнамалық жұмысты сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейтін ұсыныстарға қашанда ашықпыз. Сондықтан сарапшыларды Сенаттың сараптама және диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз.», — отметил Маулен Ашимбаев.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін ТҰҚЫМОВ өз сөзінде Жолдаудың бірнеше блогы бойынша өз пікірін білдірді. Атап айтқанда, киберқауіпсіздік және онлайн-алаяқтық мәселелеріне арналған, цифрландыру, адам құқықтары мен жеке деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беру арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет басшысының мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақстандықтардың түрлі алаяқтық схемаларға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған қаржылық сауаттылық және цифрлық гигиена негіздері бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу туралы тапсырмасын ерекше атап өткім келеді», – деді Еркін Тұқымов.
ҚСЗИ директоры өңірлік күн тәртібін ілгерілету қажеттілігіне айрықша тоқталды.
«Биыл ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім құрды, Институттың өңірлердегі өкілдіктері ашылуда. Бір айта кетерлігі, аймақтардағы күн тәртібі кейде жалпыұлттық күн тәртібінен өзгеше. Біздің міндетіміз – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу және бұл ретте жалпыұлттық платформаны қалыптастыру. ҚСЗИ жанынан құрылған Өңірлік сарапшылар кеңесін ерекше атап өткім келеді, оның құрамына мемлекеттік саясатты жетілдіру және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін өңірлерді зерттеудің кешенді бағдарламасын іске асыратын сарапшылар мен талдаушылар кіреді» — деп тоқталды Еркін Тұқымов.
ҚСЗИ директоры сондай-ақ парламенттік бақылауды күшейту қажеттігіне, оның ішінде атом электр станцияларының құрылысы сияқты экологиялық қауіптермен байланысты ірі инфрақұрылымдық жобаларға назар аударды.
«ҚСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген телефон сауалнамасы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысы атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптары туралы алаңдаушылық білдірді. АЭС құрылысы мен пайдаланылуын парламенттік бақылау ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», – деді Еркін Тұқымов.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат ҚАЛИЕВ өз сөзінде жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға нақты өкілеттіктерді беру мәселесіне ерекше тоқталды:
«Егер елімізде Парламент лайықты орын алып, нақты күш ие болса, мәслихаттар туралы олай айта алмаймыз. Бұл өкілді билік институтының жұмысын жаңғырту қажет деп ойлаймын. Егер Сенат орталықтағы мәслихаттардың өкілі болса, онда мәслихаттар да Сенаттың жергілікті жердегі өкілі болуы керек. Яғни, атқарушы биліктің қызметі мен жергілікті жерлерде бюджет қаражатының игерілуін, инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу тиімділігін шынайы бақылайтын ықпалды вертикал құрылуы тиіс. Бұл жағынан Парламент осы вертикалды құруға, мәслихат депутаттарына мұны түсінуге және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға кірісуге көмектесе алады».
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл ЖЕКСЕНБАЙ Мемлекет басшысы Жолдауының салық саясатын жетілдіру сияқты секілді негізгі бөліміне тоқтала келе, салық жинаудың мақсаттарын азаматтарға түсіндірудің маңыздылығын атап өтті:
«Өңірлерде өткен парламенттік талқылауларда азаматтар қолданыстағы Салық кодексіне сын айтып жатады. Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікті дамытуға оң әсер етуі үшін осы құжатты, оның ішінде тиісті қоғамдық ұйымдардың қатысуымен барынша ашық және жария талқылаулар жүргізу қажет. Бұл салық саясатындағы кейбір теңсіздіктердің пайда болуына жол бермейді және «көлеңкелі бизнестің» көлемін азайтады. Сондай-ақ халықтың салық төлеу мәдениетін арттыру және хабардар ету бағытында барынша ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік бюджет негізінен салықтық түсімдерден тұрады. Біз адамдарға салықты не үшін төлейтінін және бюджеттің шығыс бөлігі қалай қалыптасатынын түсіндіруіміз керек».
MNU қауымдастырылған профессоры Муслим ХАСЕНОВ өз сөзінде онлайн петиция сияқты құралдарды пайдалана отырып, азаматтардың мемлекетті басқаруға конституциялық құқығын жүзеге асыру мәселелерін түсіндірді
«Мемлекет басшысы Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамыту жолын нақты атап өтті. Оның жария етілгеніне бес жыл толды және осы уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Соған қарамастан, азаматтарды мемлекеттік басқаруға кеңінен тарту бойынша әлі де сұрақтар бар. Онлайн-петиция институтының жұмыс істеп жатқанына бес ай болды. Бұл тікелей демократияның тиімді тетігі. Дегенмен, оны жүзеге асыруда кемшіліктер мен шектеулер бар. Атап айтқанда, бүгінде онлайн өтінішті тек атқарушы билік пен жергілікті өкілді органдарға жолдауға болады. Азаматтар тікелей Парламент депутаттарына, оның ішінде заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша өтініш бере алмайды. Бұл шектеулерді алып тастаған жөн сияқты. Парламенттің азаматтардың өтініштерін қабылдау шегі қазіргіден жоғары болсын. Мысалы, бүгінде орталық мемлекеттік органдардың қарауына түсуге қажетті 50 мың қолдың орнына бұл 100 мың қол болсын. Алайда, азаматтар үшін Парламентке тікелей өтініш беру мүмкіндігі мемлекеттік басқаруға қатысудың және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың тағы бір тетігі болар еді».
Тұтастай алғанда, шараға қатысушылар Президенттің стратегиялық бастамаларын іске асыруда Парламенттің рөлін күшейтудің, заң шығару процесінің ашықтығы мен жариялылығын арттыру үшін заманауи технологияларды енгізудің, сондай-ақ заңнамалық бастамаларды әзірлеу және талқылауға азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығын тартудың маңыздылығын атап өтті.