Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Медиажобалар бөлімінің жетекшісі Жанар Тулиндинова «TALDAU сараптамалық қауымдастығын қалыптастыру мен дамытуға қосқан зор үлесі үшін» номинациясы бойынша Taldau Awards сыйлығын иеленді.
Сыйлықты табыстау рәсімі Сенат Төрағасы Маулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен алғашқы Taldau Forum: Analytics driving change аясында өтті. Іс-шара Taldau Community қауымдастығының бес жылдығына арналды. Панельдік сессияның арнайы қонағы – Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының экономика профессоры Дарон Аджемоглу болды. Ол «Why Nations Prosper: Lessons for Central Asia» тақырыбында баяндама жасады.
Форум барысында қатысушылар Қазақстанның даму мәселелерін талқылап, Нобель сыйлығының лауреаты, «Why Nations Fail», «Narrow Corridor», «Power and Progress» кітаптарының авторы Дарон Аджемоглумен өз көзқарастарымен бөлісті.
Өз кезегінде профессор Аджемоғлу Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, экономиканы жаңғырту жөніндегі бірқатар идеяларын ұсынды. Ол саяси және экономикалық институттарды дамыту, адами капиталға тұрақты инвестиция салудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.
Taldau Forum аясында сонымен қатар сарапшылардың дөңгелек үстелі өтті. Оның негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілген адами капиталды дамыту және елдің цифрлық трансформациясы болды.
Панельдік сессия жұмысына Парламент депутаттарымен қатар, отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес-құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының мүшелері қатысты.
Сол күні Taldau Forum аясында «Хабар» агенттігінің Телевизиялық кәсіптер академиясы жаттықтырушыларының қатысуымен шешендік өнер мен көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша дәрістер өтті. Сондай-ақ Meta компаниясының өкілдері мен белгілі қазақстандық медиа-тренерлер әлеуметтік желілерде тиімді жұмыс істеу, аудиториямен өзара әрекеттесу және тартымды контент жасау жөніндегі практикалық кеңестерімен бөлісті.




