Skip to content
Басты бет » Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бойынша

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бойынша

Қауіпсіздік – адамның жетекші қажеттіліктерінің бірі. Қауіпсіздік сезімінсіз адамның толыққанды өмір сүруі және оның жеке басының дамуы мүмкін емес. Полиция, ТЖМ, медициналық және басқа да түрлі мемлекеттік мекемелер азаматтардың қоғамдағы осы қажеттіліктерін жабады. Олардың жұмысының тиімділігінің айрықша көрсеткіші ретінде Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін елдер рейтингіндегі орнын қарастыруға болады. Мәселен, 2023 жылы Экономика және бейбітшілік институты (IEP) мен Сидней университеті сарапшыларының бейбіт сүйгіш елдер рейтингіне сәйкес Қазақстан 163 елдің ішінде 76-шы орынды иеленді. Индекс 23 критерий бойынша есептеледі. Оның ішінде: қылмыс пен сотталғандар саны, азаматтар арасындағы сенімсіздік дәрежесі, саяси тұрақсыздық және т.б. Мұнда Қазақстанның орны емес, оның өткен жылмен салыстырғанда рейтингтегі орнының өзгеруі маңызды – еліміз жиырма бір орынға көтерілді.

Мемлекеттік деңгейде елдегі қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2023 жылдың басында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы әзірленді. Тұжырымдаманы дайындаумен мүдделі мемлекеттік органдарды, жұртшылықты, ҮЕҰ, ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ҚР ІІМ айналысады. Ағымдағы жылдың мамыр айында egov.kz сайтында осы Тұжырымдаманы онлайн-талқылау өтті. Оның міндеті – әртүрлі аспектілер мен бағыттарды қозғайтын елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің одан әрі стратегиясын анықтау. Бағыттардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың полициямен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешуі; жәбірленушілерді қорғау; полиция жұмысын трансформациялау; мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның барлық институттарын зорлық-зомбылыққа төзбеушілік атмосферасын құруға тарту және т.б. бар.

Президент 15 қарашада құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кездесуді елдегі қауіпсіздік мәселесіне үлкен мән беріліп жатқандықтың белгісі деп санауға болады.

Алайда қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қоғамның әрбір мүшесінің рухани мәдениетінің деңгейі әсер ететінін атап өткен жөн. Мұнда құқықтық мәдениет – оның құрамдас бөліктерінің бірі, ол мәдени және құқықтық тәрбие мен оқыту жүйесінің әсерінен қалыптасады. Бұл жерде баланың есейген сайын өз отбасында, мектепте, ортада қандай құндылықтарға ие болатыны маңызды. Мысалы, тек кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық көріністерінен, балағат сөздерден тұратын мағынасыз, бірақ рейтингі жоғары фильм неге әкеледі? Мұғалімнің балаға дауыс көтеруінің салдары қандай? Егер мектепке дейінгі жаста, содан кейін мектеп жасында баланың сүйікті ойыны атыс болса, бала қалай өседі? Құқықтарды құрметтемеу, зорлық-зомбылық, пассивті агрессия үйреншікті әрі норма саналатын жағдайда өскен адам өз елінің жауапты азаматы бола алмайды.

Сондықтан бір ғана полиция қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ете алмайды. Адамның мәдени деңгейін, оның ішінде оның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жауапты отбасы мен мектептің қатысуы маңызды. Бұл үшін мемлекет өзінің қолындағы барлық құралдарды: әдебиетті, өнерді, білім беруді, БАҚ-ты пайдалануы керек.

Дарина ДАНЕНОВА,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы