Skip to content
Басты бет » Көкшетауда КИСИ GPS алаңында сарапшылар қоғамдық бақылаудың рөлін талқылады

Көкшетауда КИСИ GPS алаңында сарапшылар қоғамдық бақылаудың рөлін талқылады

8 сәуір күні Көкшетау қаласында «Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асуы: қоғамдық қатысу және бақылау» тақырыбында КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat ұлттық сараптамалық алаңының отырысы өтті.

Іс-шара барысында Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру жолдары талқыланды. Азаматтық қоғамның қоғамдық қатысу мен бақылаудағы рөліне, сондай-ақ мемлекет пен халық арасындағы өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, сараптамалық орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ білім беру, азаматтық қоғам және өзге де салалардағы сарапшылар қатысты.

Отырысқа қатысушыларға онлайн форматта Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов сөз сөйледі. ҚСЗИ басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысының Бурабайда өтуі өңірлердің елдің орнықты дамуындағы маңызды рөлін көрсететінін айтып, Президенттің: «Күшті өңірлер – қуатты ел» деген сөздерін еске салды.

Е. Тұқымов өткен аптада Ұлттық құрылтай бастамаларын жүзеге асыру жоспары бекітілгенін атап өтті.

«Бұл – жүйелі өзгерістерге бағытталған нақты қадам. Алайда оның тиімділігі қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты. Азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы ғана емес, оларды жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылау мен мониторинг тетіктерін дамыту да маңызды. Бүгін біз осы мәселелерді ашық, кәсіби әрі сындарлы түрде талқылау үшін жиналып отырмыз. Жергілікті деңгейде халықтың қатысуын қалай күшейтуге болады? Қолданыстағы кері байланыс пен бақылау құралдарында қандай кедергілер бар? Азаматтық әлеует аймақ пен бүкіл елдің игілігіне қалай жұмыс істей алады?», – деді ҚСЗИ директоры.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов өз сөзінде өңірлерді орталықсыздандыру және олардың бюджеттік дербестігін арттыру соңғы жылдардағы өңірлік мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы әр өңір үшін өсу нүктелерін айқындайтын Өңірлік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Атап айтқанда, Ақмола өңірі мектептердің жеткіліксіздігі, жол сапасының төмендігі және желілердің тозуы сияқты мәселелерді шешуі қажет.

«Тұжырымдамада салықтардың бір бөлігін жергілікті деңгейге беру арқылы өңірлердің экономикалық және бюджеттік дербестігін одан әрі арттыру қарастырылған», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.

Қоғамдық бақылау институттарын күшейту қажеттігіне тоқталған Н. Сақуов мәслихаттардың жергілікті бюджеттерді талқылау мен бекіту үдерісіндегі маңызды рөлін атап өтті.

«Менің ойымша, мәслихаттардың аппараттарын күшейтіп, оларды сараптамалық ресурстармен қамтамасыз ету, әсіресе бюджет қабылдау үдерісіндегі ашықтықты арттыру қажет. Мемлекет басшысы ұсынған: «ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын өңірлік деңгейде де қолдануға болады. Бұл атқарушы органдардың жергілікті өкілді органдарға есеп беруін қамтамасыз етеді», – деді Н. Сақуов.

«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова өңірдегі қоғамдық мониторингтегі партия үлесі туралы айтып берді.

«Қоғамдық бақылау бекеттері айқындалған. Облыстық филиалда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның мүшелері де мониторинг жүргізеді. Әлеуметтік желілерде халық өзекті мәселелерді көтергенде, партия белсенділерінің, сарапшылардың, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен жедел әрекет ету тәжірибесі қалыптасты», – деді А. Әлімбетова.

«Ақмола облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ирина Терентьева қоғамдық бақылауды кәсібилендіру қажеттігін атап өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру үшін қоғамдық белсенділерге тиісті білім мен құзыреттер қажет: мемлекеттік органдарға қалай хат жолдау керек, нені ескеру қажет, қоғамдық бақылау деген не, әртүрлі ҮЕҰ-ның өкілеттіктері қандай? Мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасында өзара қозғалыс болуы тиіс. Уақыт өте келе бұл азаматтық сектордың дамуына ықпал етеді. Сонда ғана қоғамдық бақылаудың кәсібиленуі туралы айта аламыз», – деді И. Терентьева.

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шияп Алиев жастардың әлеуетін ел дамуына жұмылдыру қажет екенін айтып, Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғанын құптады.

Ақмола облысының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл кеңесінің төрайымы Валентина Геращенко салық реформасын талқылауға кәсіпкерлерді тарту маңызды екенін айтты.

«Бүгінде біз кәсіпкерлердің кең ауқымын Палата жанындағы жеті салалық кеңестің жұмысына тартуға мүдделіміз. Кеңестер жаңа экономикалық саясат пен салық реформасын талқылау алаңына айналып отыр. Бұл бизнес қауымдастығына мемлекеттік органдармен өзара тиімді әрекеттесуге мүмкіндік береді. Кеңестер жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, сот пен прокуратура өкілдері, Антикоррупциялық қызмет пен депутаттар қатысады», – деп нақтылады В. Геращенко.

Ақмола облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының «Smart Aqmola» бөлімінің басшысы Гүлім Бегалина өз сөзінде цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, олардың азаматтық бастамалар мен қоғамдық бақылаудың дамуына әсер ететінін айтты.

Талқылауды қорытындылай келе, ҚСЗИ директорының орынбасары, алаң модераторы Алуа Жолдыбалина қоғамдық мониторинг пен бақылау жобалардың сапалы орындалуын, бастапқы жоспарға сәйкестігін және бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. КИСИ GPS алаңының қатысушылары бұл үдеріс мемлекет бастамаларын бақылауды күшейтуге, проблемаларды анықтауға және шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік беретінін айтты.