БҰҰ-ның Орталық Азия экономикасына бағытталған (СПЕКА) арнайы бағдарламасы қатысушы елдерге экономикалық дамуға, ынтымақтастыққа және әлемдік экономикаға интеграциялануға көмек беру мақсатында 1998 жылы Ташкент декларациясымен құрылды. СПЕКА қатысушы мемлекеттері арасында Әзербайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері бар.
Қазіргі таңда Әзербайжан бағдарламаға төрағалық етіп, Баку қаласында СПЕКА апталығын ұйымдастырып жатыр. Форумда өңірдің транзиттік маршруттардың алуан түрлілігі, цифрландыру, сауда мен транспорт дамыту, сондай-ақ тұрақты дамуға қол жеткізудегі маңызды рөлі талқыланып жатыр.
Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай мен оған ілеспе толқулар аясында Қазақстанның жаңа логистикалық жолдарды құрудағы рөлі ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын стратегиялық логистикалық өзегі болып танылған «Орта дәлізді» (ТХКБ) дамыту.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Орта көлік дәлізі арқылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл өсім осы көлік бағытына деген белсенділік пен қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
Осы көлік дәлізін пайдалану теміржол жылжымалы құрамын пайдалану тиімділігін арттыруға және Каспий маңындағы мемлекеттердің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ Еуропа мен Қытай арасындағы жүктерді жеткізу уақытын үш есе қысқартуға мүмкіндік береді.
СПЕКА шеңберінде көлік жүйелерін дамытуға, транзитке және тиімді өзара байланысты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. Осы мақсаттарға сәтті қол жеткізу үшін ұйымның назары аймақтық өзара іс-қимыл тетіктеріне аударылады.
Қазіргі геосаяси жағдайда көлік дәліздерін дамыту маңызды рөл атқарады. Бұл бағытты СПЕКА елдері үшін оның жұмысына тікелей немесе жанама қатысатын дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастыруға болады.
Ерлан Жакупов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау
бөлімінің бас сарапшысы