Ресейдегі соңғы жағдай қазақстандық қоғамды алаңдатқаны рас. Отандастарымыз бұл жағдайды ауыр қабылдады. Себебі мұның салдары көптеген қиыншылықтарға, оның ішінде Қазақстан үшін күтпеген тұрақсыздық экспортына әкелуі мүмкін. Президент Қ. К. Тоқаев атап өткендей: «Қазақстан мен Ресей арасында – әлемдегі ең ұзын мемлекеттік шекара. Біз біртұтас экономикалық кеңістіктеміз, бізді мыңдаған гуманитарлық байланыстар біріктіреді».
Мұндай қиын жағдайда шыдамдылық пен даналық танытқан ел басшылығына құрмет көрсету керек. Мемлекет басшысының Ресейдің ішкі істеріне араласпау және Ресей басшысының қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін қолдау туралы нақты ұстанымы біздің екіжақты қатынастарымыздың достық сипатын растауда маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ ел басшылығы көрші мемлекетте болып жатқан оқиғаларға жедел әрекет еткенін атап өткен жөн. Қысқа мерзімде Мемлекет басшысы еліміздің күш блогы өкілдеріне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және сыртқы тәуекелдерді тоқтату жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. 24 маусымда тікелей байланыс арналары арқылы Президент Қ. К. Тоқаев ресейлік әріптесінің назарына Қазақстанның Ресей Федерациясының заңды билігін қолдауға қатысты ұстанымын жеткізді. Ал келесі күні Қауіпсіздік кеңесінің жоспардан тыс отырысын өткізді. Онда дағдарыстық жағдайлар туындаған жағдайда жедел іс-қимыл жоспары бекітілді. Ел басшылығы оқиғалардың кез келген даму ықтималдығына дайындығын көрсетті. Осылайша Қазақстанда қоғамдық тыныштық пен тәртіпті сақтауға ықпал етті.
РФ Президенті В. В. Путиннің биылғы күзде Қазақстанға сапар жасауға дайындығы туралы Астананың осындай салмақты ұстанымы Мәскеудің ризашылығына ие болғаны қуантады. Өз кезегінде Президент Қ. К. Тоқаев бүгін журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Ресеймен ұзақ мерзімді және тұрақты стратегиялық әріптестік форматында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты қағидатты көзқарасын тағы да растады. Әрине, мұндай өзара бағалаулар біздің халықтарымыздың байырғы мүдделеріне жауап беретін қос елдің достығы мен тең құқылы ынтымақтастығына балама жоқ екенін көрсетеді.
Ербулат Сейлеханов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкер