Бүгін ҚСЗИ-да еліміздің жетекші талдау орталығы қандай зерттеулермен айналысатыны және қандай жобаларды жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды.
16 маусым күні Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бірінші шара Ашық есік күнінен басталды. Оған жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары, зерттеу ұйымдары мен талдау орталықтарының қызметкерлері қатысты.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов қонақтарды қарсы ала отырып, институттың аналитикадағы 30 жылдық жұмысының қорытындысын жасап, үлкен жетістіктерін атап өтті: «30 жыл ішінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты күрделі қалыптасу жолынан өтті. Бүгінде ҚСЗИ Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның жетекші think tank-ы ретінде қалыптасты. ҚСЗИ құрылғаннан бастап сараптамалық жұмыстың өте жоғары деңгейі қойылды. Директорлар мен институт қызметкерлерінің әрқайсысы 30 жыл ішінде ҚСЗИ-ды әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарға жеткізіп, халықаралық деңгейде беделін көтерді. ҚСЗИ басшылары жұмысқа талантты кадрларды тартуға тырысты», – деді институт директоры.
Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің басшысы Слямжар Ахметжаров дарынды кадрлар туралы айта келе, өз ойымен бөлісті: «Жуырда біз Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы аясында зерттеушілердің екінші легін шығарамыз. Бағдарлама қатысушылары ҚСЗИ базасында аналитика негіздері бойынша тегін модульдік оқытудан өтеді және конкурстық негізде үздік сараптамалық жұмыстар үшін ақшалай сыйақы алады», – деді С.Ахметжаров.
Айта кетейік, 30 жыл ішінде ҚСЗИ 300-ден астам сарапшы шығарды. Қазіргі таңда олардың барлығы түрлі лауазымдарда қызмет атқарып жатыр. Олардың арасында белгілі қазақстандықтар да бар. Бүгін ҚСЗИ-да 8 талдамалық бөлімнен тұратын 3 орталық бар. Институтта барлығы 63 адам жұмыс істейді, оның ішінде 4 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 8 PhD және 30 магистр бар. Сонымен қатар гендерлік тепе-теңдік те сақталған — 30 ер және 33 әйел адам.
ҚСЗИ қызметкерлері осы жылдар арасында 376 кітап және анықтамалық басылым, 230 жеке және ұжымдық монография шығарды. 1994 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Казахстан-СПЕКТР», «Central Asia’s Affairs», «Қоғам және Дәуір» және «Analytic» журналдарының 300 саны жарық көрді.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов: «Қызметкерлердің орташа жасы 40 жастан сәл жоғары. Біздің ұжым – нағыз dream team. Сондықтан ҚСЗИ үшін орындалмайтын тапсырмалар жоқ. Сонымен қатар біз әрқашан өз білімімізбен және дағдыларымызбен бөлісуге дайынбыз. Жүздеген студенттер, магистранттар, докторанттар ҚСЗИ-дан тағылымдама мен тәжірибеден өтті. Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын осымен екінші рет жүзеге асырып келеміз. ҚСЗИ әрдайым «кадрлар ұстаханасы» болды және бұл атаққа сай болып қала береді».
Институт қызметімен танысқысы келетіндер үшін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының есіктері апта бойы ашық болады.