2025 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен экономика жөніндегі сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу және экономикалық саясатты тиімді басқару үшін салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру мәселелерін талқылады.
Отырыста баяндама жасағандар қатарында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Рустам Жүрсүнов, сондай-ақ экономистер Марат Қайырленов, Ғалым Құсайынов, Дәрмен Садуақасов, Айдархан Құсайынов және басқа да сарапшылар болды.
Қатысушылар өз сөздерінде Ұлттық банк пен Үкіметтің тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және ақша-несие мен фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру үшін іс-қимылдарын үйлестіруі қажет екенін атап өтті.
Талқылау нәтижесінде әзірленген ұсыныстар Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан экономикалық стратегияны іске асыру және елдің тұрақты дамуына бағытталған шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылатын болады.




