2025 жылдың 28 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі әрі Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы Каха Имнадзе бастаған делегациямен кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өңір елдері арасындағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетудегі Өңірлік орталықтың маңызды рөлін атап өтті.
Өз баяндамасында ол Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Алматы қаласында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңіраралық және транзиттік көлік дәліздерін кеңейту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар өңірдің трансшекаралық су ресурстарын басқаруға Ауғанстанның тартылуының маңыздылығы ерекше атады.
Сондай-ақ Еркін Тұқымов қауіпсіздік саласында, әсіресе халықаралық терроризм мен экстремизм идеологиясының таралуына қарсы күрес бағытында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың өзектілігін атап өтті.
Өз кезегінде Каха Имнадзе қазіргі күрделі геосаяси жағдайда БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін әмбебап алаң ретіндегі рөлін сақтап отырғанын айтты. Оның пікірінше, өңірлік және субөңірлік құрылымдардың маңызы айтарлықтай артып келеді және бұл тұрғыда БҰҰ Өңірлік орталығы ерекше орынға ие.
Бұл орталық Орталық Азия мемлекеттері үшін қауіпсіздік, даму және өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналған бейтарап диалог алаңы ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ мемлекеттерге осы бағыттар бойынша өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында ҚСЗИ директоры мен БҰҰ арнайы өкілі БҰҰ Өңірлік орталығының, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының және Алматыда құрылып жатқан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметтері өзара толықтыратынын және олардың тығыз ынтымақтастық пен үйлестіру негізінде әрекет етуі қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар өңір елдерінің зерттеу орталықтары мен БҰҰ құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне назар аударылды. Бұл дамудың тиімді стратегияларын қалыптастыруға және жаңа сын-қатерлерге уақытылы жауап қайтаруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкентте өтетін VII консультативтік кездесуіне дайындық мәселелерін де талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті нығайтуға деген ортақ ұмтылыстарын растап, Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды ілгерілету мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екендіктерін білдірді.


