2025 жылдың 23 сәуірі күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесінің IV отырысын өткізді. Іс-шара гибридті форматта – офлайн және онлайн форматта өтті.
Отырыста Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастардың дамуы, энергетикалық ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңындағы күтілімдер мен басымдықтар сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шараға жетекші сарапшылар мен ресми тұлғалар қатысты. Атап айтқанда, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, Халықаралық қатынастарды талдау орталығы басқармасының төрағасы Фарид Шафиев, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, Қазақстандағы Әзербайжан Елшілігінің кеңесшісі Ровшан Казымов, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Низами Сафаров, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев, сондай-ақ екі елдің дипломатиялық миссияларының, ғылыми орталықтарының, салалық министрліктері мен халықаралық ұйымдарының өкілдері болды.
Отырыста ҚСЗИ сарапшыларының мақалалары жинақталған «Әзербайжан – Қазақстан: екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және келешегі» атты жинақ таныстырылды.
Жинақтың өзектілігі мен практикалық маңыздылығын Халықаралық қатынастарды талдау орталығы басқармасының төрағасы Фарид Шафиев өз сөзінде атап өтті: «Қоғамдық кеңістікте және әлеуметтік желілерде бүгінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы оқиғаларға қатысты пікірлер мен бағалар өте көп. Алайда болашақ ұрпақ үшін, соның ішінде студенттер үшін, бұл материалдардың жүйеленіп, терең түсіндіріліп, қолжетімді түрде ұсынылуы аса маңызды. Мен бұл жинақ сарапшылар қауымдастығы үшін де, кең аудитория үшін де сұранысқа ие аналитикалық дереккөзге айналады деп үміттенемін».
Өз сөзінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастар айтарлықтай жақындасқанын атап өтті. Бұл үрдіс тек саясат пен экономикада ғана емес, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам деңгейінде де байқалып отыр. Ол екі ел арасындағы іскерлік сенім мен өзара байланыс жаңа серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатынын айтты.
«Қазақстан 130-дан астам шикізаттық емес тауар түрін Әзербайжанға 340 миллион АҚШ долларынан астам сомаға экспорттауға дайын. Бұл өнеркәсіптік кооперацияны әртараптандыру мен кеңейтуге серпін береді. Біз көлік және транзит салаларында да оң серпін байқап отырмыз. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Ал Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданған мұнай көлемі 1,4 миллион тоннаны құрады. Орта мерзімді перспективада бұл көрсеткішті 2,2 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ҚСЗИ директоры.
Е. Тұқымов ынтымақтастықты одан әрі дамытуда инфрақұрылымдық синергияға, цифрлық үйлесімділікке және елтанулық сараптамалық зерттеулерге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел өз сөзінде былай деп атап өтті: «Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың айқын көрсеткіші – жоғары деңгейдегі өзара сапарлар динамикасы. Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға үш рет, ал Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Бұл – елдеріміз арасындағы сенім мен белсенді саяси диалогтың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз екіжақты шеңбермен шектелмей, бүкіл өңір үшін маңызды ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеміз. Гуманитарлық салада атап өтерлік маңызды оқиға – Бакуде өткен қазақстандық жоғары оқу орындарының алғашқы білім көрмесі. Бұл шараға еліміздің 23 университеті қатысып, көрмеге мыңнан астам талапкер жиналды. Көрме аясында екі елдің жоғары оқу орындары арасында 40-тан астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды».
Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Елшілігінің кеңесшісі Ровшан Казымов «Екіжақты қатынастар жаңа мазмұнмен толығып, нақты жобалармен бекіп келеді. Өткен жылы өткен Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің алғашқы отырысы тарихи маңызға ие болды. Сонымен қатар, Әзербайжан–Қазақстан инвестициялық қорының құрылуы да маңызды қадам саналады. Бұл бастама сауда, энергетика, көлік, цифрлық технологиялар және өзге де салалардағы өзара тиімді жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік береді» деген пікір білдірді.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев геоэкономикалық және технологиялық өлшемдерге ерекше назар аударды: «Транскаспий көлік дәлізін дамыту – біздің елдер үшін негізгі басымдықтардың бірі. Бұл бағыттың маңызын Еуропалық одақ елдері мен Қытай секілді жетекші жаһандық ойыншылар да мойындап отыр. Ол жаңа құзыреттерді қалыптастырып, жұмыс орындарын ашуға және адами капиталды арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүк тасымалдарын сақтандыру, сүйемелдеу жүйелерін және цифрлық шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысу аса маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, университет қабырғасында стратегиялық сессия өткізу туралы ұсынысты қолдаймын. Болашақ – оның нақты иелері, яғни екіжақты қатынастарды дамытатын әрі жаңа сын-тегеуріндерге жауап беретін студенттермен бірге талқылануы тиіс. Бұл екі ел үшін де аса пайдалы бастама болады».
Кеңес отырысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар туралы Шарттың 20 жылдығына орай өткізілді. Осы жылдар ішінде екіжақты ынтымақтастық ресми сапарлар аясынан шығып, өзара сенім мен ұзақмерзімді даму стратегиясына негізделген тұрақты және көпдеңгейлі өзара іс-қимылға ұласты.
Сараптамалық кеңестің бұл отырысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты тағы бір мәрте растап, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды кезең болды.






