Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Қазақстан мен Иран арасындағы сараптамалық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

ҚСЗИ-да Қазақстан мен Иран арасындағы сараптамалық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

2025 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар мырзамен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайды, Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық әріптестікті, сондай-ақ екі елдің аналитикалық орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Иранның Қазақстан үшін географиялық әрі мәдени-тарихи көрші екенін атап өтіп, елдің қауіпсіздігі мен өркендеуінің біздің мемлекет үшін де аса маңызды екеніне назар аударды. Ол сондай-ақ экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да бағыттардағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын және Қазақстанның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Али Акбар Джоукар Қазақстан мен Иран арасындағы сараптамалық-талдамалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Иранның жетекші зерттеу орталықтарының қызметімен бөлісті. Сонымен қатар, қазақстандық ғалымдардың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды зерттеу үшін Иранға бару мүмкіндіктері туралы айтты.

Тараптар қазақстан-иран қатынастарын екіжақты және көпжақты форматтарда одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді. Осы орайда ағымдағы жылдың қазан айында өткізілуі жоспарланған Astana Think Tank Forum жұмысына ирандық сарапшылардың қатысу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.