2025 жылғы 12 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты ҚСЗИ сарапшылары әзірлеген ұжымдық монографияның салтанатты таныстырылымы ұйымдастырылды.
Басылым авторлары – халықаралық қатынастар мен жаһандық экономика саласындағы жетекші сарапшылар мен аналитиктер: Еркін Тұқымов, Санат Көшкімбаев, Болат Әуелбаев, Ерболат Сейілханов, Даурен Әбен және Әсел Әбен.
Монография Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі сыртқы саяси бағытына терең әрі көпқырлы талдау жасайды. Еңбекте басты назар Президент дипломатиясының үш негізгі қағидатына, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатын әлемдік саясаттағы күн сайын құбылып отыратын ахуалға ұтымды әрі стратегиялық бейімдеу тетіктеріне аударылған. Ауғанстан мен Украинадағы халықаралық дағдарыстарға, жаһандық климаттық қауіптерге және қазіргі дипломатияның контекстін айқындайтын басқа да сын-қатерлерге көңіл бөлінген.
Іс-шараны ашқан ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина жиналғандарға көрсеткен қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, «Президент Тоқаевтың дипломатиясы – бұл тек сыртқы саяси бағыт қана емес. Бұл – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтатын әрі еліміздің жаһандық үдерістердегі жауапты әріптес ретіндегі кемелдігін айқын көрсететін кешенді стратегиялық көзқарас» – депатап өтті:
Іс-шара модераторы, ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева зерттеудің негізгі тұжырымына тоқталды: «Бұл монографияны парақтай бастаған сәттен-ақ айқын байқалады: Тоқаевтың сыртқы саяси бастамалары Қазақстанның тұрақты, конструктивті әрі жауапты өңірлік көшбасшы ретіндегі бейнесін қалыптастырады».
Басылымда елдің ішкі саяси реформалары мен сыртқы саяси бағыты арасындағы өзара байланысқа ерекше орын берілген. Бұл Президент Тоқаевтың дипломатиялық стратегиясын кеңірек әрі көпқырлы контексте қарастыруға мүмкіндік береді.
Пленарлық бөлімде авторлардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов сөз сөйледі. Ол монографияны әзірлеуге түрткі болған себептерді атап өтті:
«Шетелдік әріптестермен, жастармен және студенттермен кездесулер барысында соңғы жылдардағы Қазақстанның сыртқы саясатының мазмұнына қатысты сұрақтар жиілей түсті. Осыған байланысты жүйелі аналитикалық еңбекке деген қажеттілік пайда болды. Біздің бұл жұмысымыздың тек сарапшыларға ғана емес, кең аудиторияға да пайдалы дереккөзіне айналатынына сенеміз».
Басылымның бірлескен авторы, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Тоқаев дипломатиясы тек президенттік тәжірибенің ғана емес, сонымен қатар бірегей кәсіби жолдың нәтижесі екенін атап өтті:
«Қасым-Жомарт Кемелұлы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен сыртқы істер министрі. Алайда мемлекет басшысының дипломатиясы – бұл мүлде басқа ауқым. 2019 жылы басталған оның президенттік кезеңі бірінен соң бірі келген халықаралық және ішкі өткір сын-қатерлерге тұспа-тұс келді. Бұл – Тоқаевқа нақты уақыт режимінде еңсеруге тура келген өзіндік «мінсіз дауыл» болды».
Презентация ҚСЗИ басшылығы мен сарапшыларының, Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің, жетекші университеттердің, талдау орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ашық талқылау форматында өтті.
«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нурғалиева:
«ҚСЗИ елдің зияткерлік өзегі болып саналады. Сондықтан осындай мазмұнды әрі дер кезінде дайындалған зерттеудің оның бастамасымен жарық көруі – заңдылық» – деп атап өтті.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев дипломатияның мемлекеттік егемендіктің тірегі ретіндегі маңызына тоқталды:
«Сыртқы саясат – айсбергтің көп жағдайда көзге көрінбейтін бөлігі. Бірақ дәл осы саясат елге бейбітшілікті сақтап қана қоймай, өзінің дербес ұстанымын көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы бүгінгі тұрақтылық – көп жағдайда дәйекті әрі салмақты дипломатияның жемісі».
Қатысушылар монографияның сараптамалық, академиялық және дипломатиялық қауымдастықтар үшін өзектілігі мен практикалық маңызын атап өтті. Басылым Қазақстанның сыртқы саясатын тек теориялық тұрғыдан талдап қана қоймай, елдің халықаралық қақтығыстарды реттеу, арағайындық миссиясын атқару және диалогты дамытудағы нақты тәсілдерін көрсететін тәжірибелік құрал қызметін атқарады.
Еңбекте, сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберінде тұрақтылықты нығайтуға және көпполюсті әлем мен жаһандық басқару дағдарысы жағдайында бейбіт қатар өмір сүру қағидатын ілгерілетуге қосқан үлесіне айрықша көңіл бөлінген.
Монография халықаралық қатынастар саласының мамандарына, саясаттанушыларға, студенттерге, дипломаттарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлемдегі стратегиялық орнына қызығушылық танытқан барша оқырманға арналған.










