Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Президент Жолдауы аясында ел дамуының алдағы бағдарлары талқыланды

ҚСЗИ-да Президент Жолдауы аясында ел дамуының алдағы бағдарлары талқыланды

2025 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптама алаңының «Президенттің Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағдарлары» тақырыбындағы отырысы өтті.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, сараптамалық орталықтардың, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов бұл іс-шарамен институт Қазақстан халқына арналған Президент Жолдауын талқылаулар сериясын бастағанын атап өтті.

«Жолдаудағы негізгі ой елдің цифрлық трансформациясына және жасанды интеллектіні енгізуге арналған. Бүгінгі талқылауды үш блокқа топтастыруды ұсынамыз: саяси өзгерістер, Жолдаудың экономикалық және әлеуметтік аспектілері, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері», – деді ол.

Талқылау барысында сарапшылар Жолдауда белгіленген басымдықтар жөнінде пікір алмасты.

Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов саяси реформалар мен бірпалаталы Парламентке көшу мәселелеріне тоқталды.

«Саяси жүйе қоғам сұранысына сай жаңарып отыруы тиіс. Осы тұрғыда бірпалаталы Парламентке көшу – бұрыннан талқыланып келе жатқан шара. Оның іске асуы үшін Конституцияға түзетулер қажет. Маңыздысы, Президент олардың референдум арқылы қабылдануын ұсынып отыр. Өйткені ел тағдырына қатысты шешімдер халықтың келісімімен қабылдануы тиіс», – деп атап өтті Ә. Байменов.

ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева бірпалаталы модельге көшу өкілетті билікті нығайтуға бағытталған реформалардың қисынды жалғасы екенін айтты. Ол парламенттік оппозицияның кеңейген өкілеттіктерінің, Парламентаризм институты мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның сараптамалық инфрақұрылым ретіндегі рөлін, сондай-ақ тепе-теңдікті қамтамасыз ететін Конституциялық соттың жұмысын ерекше атап өтті.

«Бұл жеке қадам емес, саяси институттарды нығайтуға және азаматтық қатысуды кеңейтуге бағытталған жүйелі реформалардың бөлігі», – деп түйіндеді Ж. Санхаева.

Талқылаудың жеке бір блогы Жолдаудың экономикалық және әлеуметтік аспектілеріне арналды. Оған бастама жасаған ҚСЗИ директоры Ж. Шаймарданов қатысушылардың назарын инвестициялық саясат пен өңірлік даму мәселелеріне аударуды ұсынды.

«Қазіргі уақытта біз тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің төмендеуі жаһандық үрдіске айналғанын байқап отырмыз. Мұндай жағдайда Қазақстан уақыт жоғалта алмайды. Біз инвесторларға өзіміздің бірегей жобаларымызды ұсынуға тиіспіз. Мемлекет басшысы атап өткен осындай бастамалардың бірі – Alatau City дамыту. Бұл дәстүрлі үлгі емес, керісінше бизнес өкілдерінің ұсыныстарын күту емес, олар үшін дайын жағдай қалыптастыруға бағытталған қадам. Мұндай тәсіл Астана халықаралық қаржы орталығын құру барысында өзінің тиімділігін көрсетті. Алатау City де институционалдық негізі мен қолайлы инвестициялық ортасы арқылы осыған ұқсас логикада дамитын болады», – деді Ж.Шаймарданов.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев инвестициялық саясат мәселелеріне тоқталды.

«Бүгінде негізгі инвестициялық ағымдар қайтадан дамыған елдерге бағытталуда. Өйткені ол жақта инвесторларға неғұрлым ашық әрі болжамды ережелер ұсынылады.Осы жағдайда Президент инвестиция тартуда жергілікті атқарушы органдардың рөлін және бизнес сұранысына сай жағдай жасаудың қажеттілігін ерекше атап өтті», – деді С. Қаскеев.

ҚСЗИ ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне, тарифтерді ырықтандыру және халықтың осал топтарына атаулы көмек көрсету қажеттілігіне назар аударды.

«Президент Қазақстандағы әлеуметтік көмектің артық әрі әрқашан әділ бола бермейтінін атап өтті. Мектептерге, ауруханаларға және жолдарға жұмсалуы мүмкін елеулі ресурстар көптеген, кейде негізсіз жеңілдіктерге кетіп жатыр», – деді А. Көшербаева.

Халықаралық бағдарламалар орталығы Басқарма төрағасы Әділ Құсманов жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында білім беру жүйесіне төнген сын-қатерлерді атап өтті.

«Президенттің мектептен бастап базалық AI-құзыреттерін қалыптастыру бастамасы – дер кезінде көтерілген мәселе. Бірақ тек бағдарламалар мен оқу материалдары емес, дайындалған педагогтар да қажет. Бұл тұрғыда «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін, соның ішінде шетелдік тағылымдамаларды кеңінен пайдалану керек», – деді Ә. Құсманов.

Соңғы блок цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналды.

Астана IT университетінің Цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің деканы Альтаир Ахметов мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформация сын-қатерлеріне назар аударды.

«Президент үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауды білдіреді. Өйткені бүгінгі әлемде мемлекеттер арасындағы бәсекенің негізгі нысаны – басқару модельдері. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін бірегей мүмкіндік ашылып отыр – цифрлық трансформация негізінде серпіліс жасап, бәсекеге қабілеттілікті еселеп арттыруға жол ашылады», — деп атап өтті А. Ахметов.

Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов Қазақстанның AI және финтех саласындағы жинақталған әлеуетін нақты көрсетті.

«Жасанды интеллекттің ұлттық инфрақұрылымын және отандық технологияларды дамыту – цифрлық егемендіктің, сондай-ақ жаһандық әлемде ұлттық құндылықтар мен бірегейлікті сақтаудың маңызды шарты», – деп атап өтті ол.

Талқылауды қорытындылай келе, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Жолдау бойынша пікірталастар азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде өңірлердің қатысуымен жалғасатынын жеткізді.

«Алдымызда Жолдауды жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс тұр. Сарапшылар қауымдастығы өз қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық құралдар мен AI-ды өзі де белсенді қолдануы маңызды», – деді ол.

ҚСЗИ директоры сарапшылар айтқан идеялардың Президенттің стратегиялық бастамаларын іске асыру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге көмектесетініне сенім білдірді.

«КИСИ GPS» Ұлттық сараптама алаңы ел дамуының маңызды мәселелерін талқылауға және мемлекеттік органдар мен қоғам үшін ұсынымдар әзірлеуге арналған орта болып қала береді.