20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Қазақстан Республикасындағы Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадалина Лупумен кездесу өтті.
Румын дипломатын қарсы алған ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов атап өткендей, Қазақстан мен Румынияны ұзақ жылғы сенімді әріптестік байланыстар, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа арасындағы орнықты қатынастарды дамытуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді.
«Румыния — Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы және Еуропалық одақтағы біздің басты серіктесіміз. Тек өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,9 миллиард АҚШ долларынан асты. Ал инвестициялар саласында Румыния Қазақстанның әлемдегі алғашқы он ірі серіктесінің қатарына енді», – деді ҚСЗИ директоры.
Сондай-ақ ол Транскаспий бағыты арқылы құрлықтарды байланыстыру екі елге де бизнес пен өңірлік ықпалдастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Кездесу барысында сараптамалық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. ҚСЗИ директоры румын талдау орталықтарымен әріптестік орнатуға және ықтимал өзара іс-қимыл бағыттарын талқылауға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Мадалина Лупу жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Румыния Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформаларды жоғары бағалайтынын және олар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына серпін беріп отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанды өңірдегі тұрақты әрі сенімді серіктес ретінде бағалайтынын айтты.
«Біздің елдерімізді тек сауда ғана емес, сонымен қатар ортақ көзқарас — Еуропа мен Азия арасындағы орнықты даму, қауіпсіздік пен көлік байланыстарын кеңейтуге ұмтылыс біріктіреді. Біз қазақстандық тараптың сараптамалық ынтымақтастыққа мүдделілігін жоғары бағалаймыз және Румыния өз кезегінде өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасу мен байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын», – деді Мадалина Лупу.
Кездесу соңында тараптар диалогты дамытуға және сараптамалық деңгейде ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірді.


