16 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының түлектері үшін «ЖИ-трансформациясы дәуіріндегі жұмыс пен мансаптың эволюциясы» атты ашық дәріс өтті. Спикер – білім беру және жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшы Павел Лукша.
Дәріс барысында Лукша технологиялық дамудың қазіргі кезеңін әлемдік экономика, әлеуметтік құрылым және еңбек нарықтары үшін жүйелік бұрылыс ретінде сипаттады. Ол мансаптық траекториялар мен жұмыспен қамту формаларындағы өзгерістерге әсер ететін факторларға назар аударды. Сарапшының айтуынша, кәсіби қызметте ЖИ технологияларын меңгеру елеулі бәсекелік артықшылық береді, ал экономиканың автоматтандырылуы жаңа салаларға жол ашады.
Спикер сондай-ақ білім мен интеллект тапшылық емес, қолжетімді ресурсқа айналатын жағдайда адамның бірегейлігін сақтау негізгі сын-қатерге айналатынын атап өтті. Оның пікірінше, ЖИ-ға негізделген болашақ моделіне көшу психикалық денсаулықтың, тұлғалық сәйкестілік пен ұжымдық қауіпсіздіктің маңыздылығын арттырады.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, сұрақ-жауап және жас сарапшылардың аналитика, саясат, медиа және кәсіпкерлік салаларында ЖИ-технологияларды қолдану сценарийлерін талқылауды қамтыды.
ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы жаһандық технологиялық және геосаяси өзгерістер жағдайында бейімделе алатын жаңа буын аналитиктері мен зерттеушілерін қалыптастыруға бағытталған жұмысын жалғастыруда.







