2023 жылдың 2 наурызында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Алматыда өткен CFO Summit форумына қатысты.
CFO Summit – отандық компаниялар мен халықаралық корпорациялардың топ-менеджерлеріне, үкімет мүшелеріне, саясаткерлерге, мемлекеттік органдар мен реттеуші органдардың өкілдеріне, тәуелсіз сарапшылар мен БАҚ өкілдеріне қаржылық басқару саласындағы даму тенденциялары тұрғысынан оның жағдайы мен даму перспективалары туралы кешенді және жүйелі түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беретін кәсіби алаң.
ҚСЗИ басшысы «Стокгольм синдромы. Бизнес геосаясаттың тұтқынына айналды ма?» панельдік сессиясының модераторы Досым Сатпаевтың қойған сұрағына Қазақстан экономикасы мен бизнесінің қазіргі геосаяси тәуекелдері туралы айтып берді.
«Егер қысқаша айтатын болсақ, қазір әлемде болып жатқан үрдіс – бұл стратегиялық белгісіздік. Қанша уақытқа созылатыны белгісіз, топтастырылған бірқатар факторларға байланысты жағдайды болжау мүмкін емес. Жалпы, осы стратегиялық белгісіздікке байланысты сапалы аналитикаға сұраныс артып келеді. Біз CNN, Al Jaseera және басқа да медиа құрылымдардан, соның ішінде бизнесте, инвестиция мен бизнес жоспарлауда саяси тәуекелдер ескерілетінін көріп отырмыз», – деді Еркін Тұқымов.
Одан әрі институт басшысы 4 негізгі тәуекелге кеңінен тоқталды.
Бірінші тәуекел – әлемде қақтығыстардың өсуі. Әртүрлі бағалаулар бойынша, адамзат дәуірінің тек 300-ге жуық жылы ғана абсолютті тыныштықта өтті. Сонымен қатар соңғы 30 жыл халықаралық масштабта салыстырмалы түрде қауіпсіз болды. Дегенмен бүгінде жағдай күрт өзгерді. 2022 жылы әлемде әртүрлі елдер арасында 27 қақтығыс болды. Олар үш санатқа бөлінеді: ушыққан, тыныштық жағдайындағы және жақсарған. Соңғы санатқа жататын қақтығыстар жоқ. Осы орайда Е.Тұқымов былай деп атап өтті: «Бұл тағы да бір рет қақтығысты бастау өте оңай және оны тоқтату аса қиын екенін көрсетеді. Бізге Қазақстанның стратегиясын қалыптастыру үшін осыны ескеру қажет. Өзіміздің ұлттық мүддемізді ойлауымыз керек. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты ел мүддесіне сай келеді деп есептеймін».
Оңтүстікке апаратын көлік дәліздеріне байланысты екінші тәуекел туралы айта келе, ҚСЗИ директоры Қазақстанның бұл саладағы әлеуетін «біз енді ғана түйсініп, оның бізге қаншалықты дивиденд әкелетінін түсініп келе жатқан алтын кеніш» деп атады. Адамзаттың басым бөлігі өмір сүретін және болашақ нарықтар шоғырланған әлемнің оңтүстік аймақтарының артықшылықтарын атай отырып, ауғандық пен ирандық логистикалық бағыттардың саяси тәуекелдерін жеке сипаттап берді.
Үшінші тәуекел Орталық Азиямен байланысты. 80 миллион халқы бар аймақ кең ауқымды тұтыну нарығын және өсіп келе жатқан еңбек ресурстарының қорын қалыптастырады. Әлеуетті инвестор үшін аймақтың барлық елдері біртұтас болғанда ғана құнды болады. Осыған байланысты Қазақстан өзін бүкіл Орталық Азия үшін хаб ретінде көрсету маңызды. Дегенмен сауда процестерін жеңілдету үшін бизнесті жүргізудің бірыңғай құқықтық және нормативтік базасын құру қажет.
Геосаясаттың экономика мен бизнеске әсері тақырыбын қорытындылай келе Еркін Тұқымов адами капиталды дамыту туралы айтып өтті. Қазақстанның адами капиталы ауқымды, бірақ ол елдің дамуы үшін жеткілікті ме деген сұрақ туындайды. «Егер біз күрделі экономика құрғымыз келсе, бізге көбірек адами капитал керек. Біз біліктілігі жоғары мигранттарды тартуымыз қажет», – деді ол.
Модератордың Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты сұрағына ҚСЗИ директоры: «ТМҰ құру бастамасы мемлекет басшыларының саяси ерік-жігеріне негізделген. Экономикалық базаны қосу, атап айтқанда, бизнес кеңістігін дамыту қажет. Күзге қарай Түркістан қаласында ТМҰ мемлекет басшыларының қатысуымен Саммит өткізу жоспарланып жатыр. Біздің бизнес осы мүмкіндікті пайдаланып, экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша жақсы ұсыныстар беруі керек», – деп жауап берді.