Астанада Цинхуа университетінің Халықаралық зерттеулер институтының деканы Янь Сюэтун «Халықаралық қатынастар теориясының тұжырымдамалық келешегі» тақырыбында дәріс оқыды. Бұл дәріс шетелдік сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан жобаның бір бөлігі болып табылады және ол «Qalam» мультимедиялық жобасының қолдауымен, сондай-ақ Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің бастамасымен іске асырылуда.
Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңес алаңындағы ашық дәрістің модераторы әдеттегідей Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов болды.
Янь Сюэтун өз дәрісі барысында халықаралық қатынастар теориясындағы саяси реализмнің бір бағыты болып табылатын моральдық реализм теориясының негізгі аспектілеріне тоқталды. Бұл теория бойынша әлемдік аренадағы саяси көшбасшылық экономикалық және әскери күштердің нығаюы мен кеңеюі арқылы ғана емес, этикалық және моральдық құндылықтар арқылы да қалыптасады.
Сарапшы аймақтық үдерістерде өте маңызды рөл атқаратын орта держава ретінде Қазақстанға оң бағалады.
Дәріс барысында ҚСЗИ директоры Ян Сюэтунға Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы «С+С5» форматындағы ынтымақтастықтың келешегін бағалауды сұрады.
«Бүгінгі таңда көптеген елдер аймақтандыру туралы айтып жатқанын көріп отырсыздар. Бізде енді еркін жаһандық нарық болмағандықтан, біз аймақтық бәсекелестік құруымыз керек. Бұл бір ғана елдің нарығымен салыстырғанда ауқымдырақ болады. Қытайдың Орталық Азияның басқа елдерімен ынтымақтастығы көбінесе шекарада және экономикалық салада жүзеге асады, бірақ онша жан-жақты емес. «Сондықтан менің пікірімше, егер Қытай Орталық Азия елдерімен аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ниетті болса, ол Қазақстанға және оның күш-жігеріне айтарлықтай арқа сүйеуі қажет болады», – деп атап өтті Янь Сюэтун.
Профессор Янь Сюэтун – әлемнің жетекші ойшылдарының бірі, халықаралық қатынастар теориясындағы моральдық реализм қозғалысының негізін салушы, көшбасшылық пен халықаралық саясат бойынша бірқатар іргелі зерттеулердің авторы. «The Chinese Journal of International Politics» халықаралық саясат жөніндегі журналының бас редакторларының бірі.







