Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымовтың мақаласы беделді еуропалық Euractiv порталында жарық көрді. Материал Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қатынастарға арналған арнайы шығарылымға енді. Бұл шығарылымда стратегиялық әріптестік, қауіпсіздік мәселелері және өзгеріп жатқан өңірлік контексте экономикалық ынтымақтастық тақырыптары қарастырылған.
Euractiv – Еуропалық Одақтың саясаты мен шешімдерін талдауға маманданған жетекші еуропалық жаңалықтар платформасы. 1999 жылдан бері ол Еуропадағы саясаткерлер, сарапшылар мен журналистер үшін маңызды ақпарат көзі болып келеді. Платформа 13 тілде материалдар жариялайды, ал медиасеріктестері Брюссель, Париж, Берлин және басқа да қалаларда орналасқан.
Өз мақаласында Еркін Тұқымов өткір сұрақ қояды: «Талибан» билікке келгеннен кейін Қазақстан Ауғанстанмен қарым-қатынасты қалай құруы керек? Ол қозғалыстың 30 жыл бұрын халықаралық терроризм мен ортағасырлық қатыгездіктің символы болғаны және қазіргі таңда халықаралық форумдарға ресми делегациялармен және іскер элитамен қатар қатысып жүргені арасындағы айқын айырмашылықты атап өтеді.
Автор Қазақстанның прагматикалық және байсалды ұстанымын сақтап отырғанын атап көрсетеді. Қоғамдық сенімсіздік пен режимді ресми мойындамауға қарамастан, Астана Ауғанстанның де-факто билігімен байланыстарды қолдап отыр. Бұл ұстаным географиялық жақындықпен, тарихи байланыстармен және трансшекаралық экстремизм қаупін қоса алғанда, ортақ қауіпсіздік сын-қатерлерімен түсіндіріледі.
Мақалада қазақстандық стратегияның элементтері егжей-тегжейлі қарастырылады: тұрақты гуманитарлық көмек көрсету, ауғандық студенттерге арналған білім беру квоталары, экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысу, сондай-ақ болашағы зор кен орындарында геологиялық барлау жүргізу.
Еркін Тұқымов атап өткендей, Қазақстан төзімділікке, диалогқа және ұлттық мүдделерді қорғауға басымдық береді, оқшаулау немесе сөзсіз мойындау сияқты шектен тыс әрекеттерден аулақ болуға тырысады. Мұндай тәсіл өңірлік саясаттағы серпінділік пен көшбасшылық ұстанымдарды сақтап, халықаралық қауымдастыққа Ауғанстанмен жауапты және прагматикалық ынтымақтастықтың үлгісін ұсынады.
Мақаланың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.euractiv.com/section/defence/opinion/engage-or-ignore-kazakhstans-afghan-strategy/