18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Ол екі елді жоғары саяси сенімге негізделген ұзақ мерзімді әрі прагматикалық ынтымақтастыққа деген ортақ көзқарас біріктіретінін жеткізді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ өңірлік диалогтың институционалдық тұрғыда қалыптасқан әрі тиімді платформаларының бірі ретінде өзін дәлелдеген «Орталық Азия – Қытай» форматына ерекше назар аударылды.
Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, инвестициялық ынтымақтастықты және серіктестікті дәстүрлі салалардан тыс кеңейту мүмкіндіктерін, оның ішінде өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, жасыл энергетика мен цифрландыру салаларын талқылады.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Елшісі ҚСЗИ басшылығына мазмұнды әрі нәтижелі диалог үшін алғыс білдіріп, қытай тарапының сараптамалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанмен Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде ынтымақтастықты тереңдетуге жоғары қызығушылық танытатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған тұрақты сараптамалық диалогты жалғастыруға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін тағы да растады.






