Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов 14–15 тамыз күндері Ташкентте өтіп жатқан «Орталық Азия – сенім, қауіпсіздік және тұрақты даму үшін ортақ кеңістік» атты VIII Орталық Азия сараптамалық форумында сөз сөйледі.
Ол өңірдің екіжақтыдан көпжақты форматтарға өтетін сапалық өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Жаңа архитектура, оның айтуынша, үш негізгі элементке сүйенуі тиіс:
Біріншіден, өңірде бірыңғай инвестициялық қағидаларды орнықтыру – инвесторлармен өзара іс-қимылдың өзіндік стандарттарын әзірлеу, іскерлік ортаның ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету. Осы мақсатта халықаралық үздік тәжірибелерге негізделген Орталық Азияның аймақтық инвестициялық-ақпараттық платформасын құру ұсынылды.
Екіншіден, Орталық Азияның бірыңғай маркетингтік стратегиясы – өңірді жаһандық құн тізбектеріндегі интеграцияланған экономикалық түйін ретінде айқындау. Ж. Шаймарданов қалыптасқан геосаяси брендті экономикалық мазмұнмен нығайтып, ұлттық брендтерді күшейтетін ортақ коммуникациялық стратегия қажет екенін айтты.
Үшіншіден, салалық флагмандық жобаларды дамыту – шекарааралық агроөнеркәсіптік кластерлер мен жасыл энергия хабтары сияқты бірлескен өндірістік және инфрақұрылымдық бастамаларды іске қосу, олардың қатысты салаларға тізбекті әсерін қамтамасыз ету.
Форум Өзбекстан мемлекеттік органдарының, БҰҰ, ЕҚЫҰ және ЕО өкілдерінің ашылу сөздерімен басталды. «Жаңа Орталық Азия: өңірлік әріптестіктің архитектурасын жетілдіру» атты бірінші сессияда Халықаралық Орталық Азия институтының (Өзбекстан) директоры Жавлон Вахабов, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Шумкарбек Адилбек уулу, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы директорының бірінші орынбасары Ораз Муртазозода және Түрікменстан СІМ Халықаралық қатынастар институты жанындағы Ғылыми стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы Бекдурды Амансариев сөз сөйледі.
Спикерлер өңірлік өзара іс-қимыл архитектурасының трансформациясын, көпжақты форматтарды кеңейтуді және ортақ сын-қатерлерді еңсеруге арналған үйлестірілген тәсілдердің маңызын талқылады. Ерекше назар сыртқы күйзелістерге төзімділікті арттыруға, көлік-логистикалық және энергетикалық бастамаларды үйлестіруге, сондай-ақ өңірдің жаһандық алаңдардағы дауысын күшейтуге аударылды.
Жандос Шаймарданов бірлескен әлеуметтанулық және форсайт-зерттеулерді кеңейту, озық сараптамалық әдістемелермен алмасу және ұлттық басымдықтарды синхрондау арқылы стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін арттыруды ұсынды.
«Біздің болашағымыз-ортақ бірегейлік, даму және ортақ шешімдер. Бұл жай ғана географиялық жақындық емес», — деп түйіндеді ол. Сонымен қатар, қатысушыларды 15–16 қазанда Астанада өтетін Astana Think Tank Forum-ға шақырды.
Орталық Азия сараптамалық форумы – өңірдегі стратегиялық зерттеу орталықтарын, сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарды біріктіретін жыл сайынғы диалог алаңы. Ол Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері қарсаңында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті сын-қатерлері мен перспективаларын талқылауға арналған.



