2025 жылғы 15-17 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов Вашингтонға іссапары барысында Дүниежүзілік банк ұйымдастырған Global Forum on Coalitions for Reforms жұмысына қатысты.
ҚСЗИ директоры «Building Coalitions for Decarbonization and Climate Policy Reforms» сессиясында баяндама жасап, онда ол декарбонизация және климаттық күн тәртібіне қатысты реформаларды талқылады.
Форум аясында Дүниежүзілік банк командаларымен кездесулер өткізіліп, өңірлік көлік бастамаларын кеңейту, институционалдық реформалар, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу перспективалары талқыланды.
Сапар барысында Central Asia–Caucasus Institute (CACI), Center for Strategic and International Studies (CSIS), Atlantic Council, Congressional Research Service (CRS), Caspian Policy Center (CPC), New Lines Institute сияқты бірқатар аналитикалық институттары өкілдерімн кездесулер өтті.
Тараптар өңірлік қауіпсіздікті, көлік дәліздерін дамытуды, энергетиканы, жасанды интеллектті енгізуді, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Бірлескен ғылыми жарияланымдар мен ғылыми еңбектер, сондай-ақ сарапшылық талқылаулар дайындау арқылы талдау орталықтарымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Талқылау барысында американдық серіктестер 2025 жылғы 15-16 қазанда Астанада өтетін Астана сараптамалық орталықтарының форумына қызығушылық танытты.
Жұмыс сапары Қазақстанның АҚШ-тың жетекші ғылыми орталықтарымен және халықаралық ұйымдарымен сарапшылық диалогын нығайтуға ықпал етті. Академиялық алмасуды кеңейту және бірлескен зерттеулер мен жарияланымдарды дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.



