Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының орынбасары Бірінші Ферғана бейбітшілік форумына қатысты

ҚСЗИ директорының орынбасары Бірінші Ферғана бейбітшілік форумына қатысты

15–16 қазан күндері Ферғана қаласында Орталық Азия елдері арасындағы диалогты, сенімді және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа өңірлік алаң – Бірінші Ферғана бейбітшілік форумы өтті. Форумға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина қатысты.

Форум аясында Алуа Жолдыбалина мен Өзбекстан Республикасының Стратегиялық реформалар агенттігінің директоры Баходир Рахматов арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар сараптамалық және талдамалық саладағы ынтымақтастықтың алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттарын талқылады. Әсіресе шағын және орта қалаларды басқару мен дамытуға арналған жаңа тәсілдерді қалыптастыру, урбанизация деңгейін арттыру, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен бірлескен зерттеулер негізінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алуа Жолдыбалина қазақстандық-өзбек сараптамалық диалогты жандандырудың маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан басқару жүйесін жаңғырту және орнықты даму бағытында ұқсас ұстанымдарды негізге алған. Сараптамалық саладағы ынтымақтастық аналитикалық тәжірибемен алмасуға және өңірдің дамуының негізгі бағыттары бойынша тиімді шешімдерді бірлесе іздеуге берік негіз қалайды», – деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. Құжатта өңірлік даму, урбанизация, экономикалық және әлеуметтік интеграция мәселелері бойынша бірлескен форумдар, сараптамалық диалогтар мен талдамалық зерттеулер өткізу көзделген.

Тараптар қол қойылған құжат Орталық Азия елдерінің экономикалық және әлеуметтік интеграциясын ілгерілетуге, орнықтылықты нығайтуға және инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың берік негізі болатынына сенім білдірді.