2026 жылғы 5 ақпанда Орталық Азия халықаралық институтында (Өзбекстан) «Орталық Азия – Германия» атты сараптамалық орталықтардың алғашқы форумы өтті. Аралас форматта (офлайн/онлайн) өткен Сараптамалық талқылау түрінде ұйымдастырылған іс-шара Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың өзекті мәселелеріне арналды.
Форумның пленарлық отырысы мен төрт тақырыптық сессиясы барысында өңір мемлекеттері мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі, келешегі және басым бағыттары талқыланды. Форум жұмысына Орталық Азия елдері мен Германияның сарапшылар қауымдастығы, академиялық мекемелері және дипломатиялық өкілдері қатысты.
Форумның «Технологиялар, таза энергия және стратегиялық маңызды минералдар: орнықты ынтымақтастықтың негізі» атты екінші тақырыптық сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Даурен Әбен баяндама жасады. Өз сөзінде ол таза энергия, технологиялар және стратегиялық маңызы бар минералдар бағыттарындағы ықпалдастықты кеңейту Қазақстан мен Германия арасындағы өзара сабақтас, жауапкершілікке негізделген әрі прагматикалық серіктестіктің стратегиялық басым бағыттары саналады.
Қазақстанның декарбонизация және энергетиканы әртараптандыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанына, бұл ретте 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан тиімді әрі инклюзивті энергетикалық өтпелі кезеңді сақтай отырып, институционалдық климаттық саясатты қалыптастыру шараларына ерекше тоқталды. Сонымен қатар Германиямен ЖЭК ықпалдастыру, энергия жүйелерін жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастық әлеуетіне айрықша назар аударылды. Бұдан бөлек, жауакершілікті экологиялық өндіру мен қайта өңдеуге, технологиялар трансферіне және кадр даярлауға негізделген стратегиялық маңызды минералдар саласындағы қосылған құн тізбектерін дамыту мәселелері де сөз болды.
Қорытынды сөзінде Даурен Әбен сараптамалық диалог пен талдамалық сүйемелдеу стратегиялық мақсаттарды нақты практикалық шешімдерге айналдыруда, сондай-ақ Орталық Азия мен Германия арасындағы тұрақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар мен ұсынымдар «Орталық Азия – Германия» форматы аясындағы алдағы іс-шаралардың күн тәртібін қалыптастыру барысында ескерілетін болады. Бұл форматтың дамуына серпін берген маңызды кезеңдердің бірі – 2023 жылғы қыркүйекте Берлинде өткен алғашқы «Орталық Азия – Германия» саммиті және 2024 жылғы қыркүйекте Астанада ұйымдастырылған екінші саммит. Аталған кездесулер тараптар арасындағы келісілген бастамалар мен жобаларды іске асыруға бағытталған жан-жақты ынтымақтастықты институционалдық тұрғыдан нығайтуға негіз қалады.




