Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының орынбасары Түрікменстанның бейтараптық мәртебесінің 30 жылдығына арналған конференцияда сөз сөйледі

ҚСЗИ директорының орынбасары Түрікменстанның бейтараптық мәртебесінің 30 жылдығына арналған конференцияда сөз сөйледі

2025 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Даурен Әбен Түрікменстанның тұрақты бейтараптық мәртебесін жариялаудың 30 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Түрікменстан Елшілігі ұйымдастырды және ол Maqsut Narikbayev University базасында өтті.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, сараптамалық және академиялық қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты. Қатысушыларға арналған алғысөзінде Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов бейтараптық мәртебесінің 1995 жылғы 12 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілуі Түрікменстанның бейбітшілік пен өзара құрмет қағидаттарына адалдығын дәлелдегенін атап өтті.

Өз сөзінде Даурен Әбен Түрікменстанның бейтараптық мәртебесі тек декларативті сипатта қалып қоймай, оның сыртқы саясатының тиімді құралына айналғанына тоқталды. Бұл тәжірибе халықаралық құқық нормаларының дағдарысы мен өңірлік геосаяси турбуленттілік жағдайында Орталық Азия үшін ерекше маңызды. ҚСЗИ директорының орынбасарының айтуынша, Түрікменстанның оң тәжірибесі прагматизм мен бейбіт диалогқа негізделген мінез-құлық моделін қалыптастыруға болатынын көрсетеді. Мұндай тәсіл елді сыртқы әлемнен оқшаулауға немесе сыртқы күштерге тәуелді етуге емес, керісінше, халықаралық ұйымдармен серіктестікке жол ашады. Мысалы, Ашхабадта БҰҰ-ның Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеп келеді.

Даурен Әбен өз сөзінде соңғы жылдарда өңір үшін тұрақсыздықтың бастауы болып отырған Ауғанстанмен өзара іс-қимылдағы Түрікменстанның ерекше рөлін де атап өтті. Бейтарап модератор ретінде Ашхабад диалог арналарын үнемі ашық ұстап, шиеленісті арттырмауға және Ауғанстанды бейбіт экономикаға тартуға, оны сыртқы нарықтармен байланыстыратын инфрақұрылымдық шешімдерді ұсынуға ұмтылып келеді.