Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-дың Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына іріктеу қорытындылары шығарылды

ҚСЗИ-дың Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына іріктеу қорытындылары шығарылды

10 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстан өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа көкжиектері» атты 2025 жылға арналған Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер іріктеуінің қорытындыларын жариялады.

7 сәуір мен 30 мамыр аралығында ҚСЗИ-ге 78 өтінім қабылданды, олардың 76-сын конкурстық комиссия белгіленген талаптарға сай деп таныды.

Қатысушылар құрамы келесідей: 40 әйел (51,3%) және 38 ер адам (48,7%). 27 адам – 30 жасқа дейін (34,6%), 51 адам – 30-дан 45 жасқа дейін (65,4%).

Өңірлік бөліністе ең көп өтінім Астана – 44 адам (56,4%) және Алматы – 16 адам (20,5%) қалаларынан келіп түсті. Қарағанды өңірінен6 адам (7,7%), Алматы облысынан – 3 адам (3,8%), Жетісу облысынан – 2 адам (2,6%).

Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарынан бір-бірден өтінім түсті (1,3%).

Өтінімдерді қарау нәтижесінде конкурстық комиссия талаптарға сәйкес келген барлық 76 үміткерді Бағдарламаға қатысуға жіберу туралы шешім қабылдады. Олар оқу курсын сәтті аяқтап, жеке аналитикалық баяндамаларын дайындағаннан кейін, 10 финалист іріктеледі. Финалистерге ҚСЗИ гранттары табысталады. Қатысушылардың толық тізімі тіркелген файлда берілген.

Оқу модулі 16 маусымда басталады. Сабақ кестесі туралы ақпарат қатысушыларға қосымша жолданады.

Еске сала кетейік, бұл – төртінші Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі мақсаты — жас таланттарды қолдау және сарапшылық қауымдастықты жаңа кадрлармен әрі инновациялық идеялармен толықтыру.

Бағдарлама аясында 4 апта бойы қатысушылар қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен зерттеулердің тақырыптық бағыттары бойынша әдістемелік тренингтерден, семинарлардан және шеберлік сабақтардан өтеді. Одан кейінгі 8 апта ішінде қатысушылар менторлардың қолдауымен жеке аналитикалық баяндамаларын әзірлейді. Зерттеу бағыттарына экономика, өңірлердің тұрақты дамуы, стратегиялық даму, әлеуметтік саясат және халықаралық ынтымақтастық кіреді.