2025 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына (ҚСЗИ) Үндістан Қарулы Күштерінің әскери колледжінің Жоғары командалық курстарының тыңдаушыларынан құралған делегация келді. Делегацияны Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшілігінің әскери атташесі Панкадж Кумар Видьяртхи бастап келді.
Қазақстан тарабынан кездесуге ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен, ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева, Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев және Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысты.
Үндістандық әскери өкілдер ҚСЗИ-дың құрылу тарихымен және ғылыми-талдамалық қызметімен танысты. Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы, оның ішінде сараптамалық-талдамалық бағыттағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар екі елдің сараптамалық орталықтары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, қауіпсіздік пен халықаралық қатынастар саласындағы зерттеу тәжірибесімен алмасуға дайын екендіктерін білдірді.
Үндістан делегациясының ҚСЗИ-ға келуі Қазақстанға жасалған таныстыру сапары аясында өтті. Сапар барысында делегация Қазақстанның бірқатар әскери ұйымдарымен, оқу орындарымен және сараптамалық мекемелерімен кездесулер өткізуді жоспарлаған.







