2026 жылғы 4 наурызда «Қазақстан–Моңғолия ынтымақтастығы: Трансалтай диалогы және ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты (СЗИ) бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушыларға ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен және СЗИ директоры Мэндээ Жаргалсайхан алғысөз сөйледі.
Даурен Әбен кездесуді бірлесіп ұйымдастырғаны үшін моңғолиялық әріптестеріне алғысын білдіріп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың үлкен перспективаларын атап өтті.
«Біздің қатынастарымыз жоғары деңгейдегі саяси диалог пен өзара сенімге негізделген. Қазақстан мен Моңғолия серіктестігінің берік іргетасы – тарихи-мәдени сабақтастық және Моңғолиядағы қазақ диаспорасы. Ол халықтарымызды жалғайтын табиғи көпір», – деді Д. Әбен.
Мэндээ Жаргалсайхан да екі ел арасындағы байланыстардың тарихи тереңдігіне тоқталды.
«Моңғолия мен Қазақстан қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Екі елді сенім, өзара құрмет және ортақ мүдделерге негізделген серіктестікті нығайтуға бағытталған көпжылдық ынтымақтастық біріктіреді», – деп атап өтті М. Жаргалсайхан.
Кездесудің модераторы ҚСЗИ-дің Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев болды.
Бірінші сессия барысында қатысушылар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестіктің перспективаларын, өңірдегі өзара іс-қимылдың негізгі сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
СЗИ аға сарапшысы Эрдэнэцогт Доржпалам Моңғолияның сыртқы саясаты туралы, әсіресе Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аудара отырып, баяндама жасады.
«Моңғолияның сыртқы саясаты ашық, бейбіт, тәуелсіз және көпвекторлы сипатқа ие әрі бейтараптық қағидатына негізделген. Қазақстан Моңғолия үшін негізгі өңірлік серіктес және халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы, соның ішінде логистика, транзит, инвестициялар мен цифрлық бағыттардағы маңызды байланыстырушы буын болып табылады», – деп атап өтті Э. Доржпалам.
«Отандастар» қорының жобалар үйлестірушісі, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қалыбек Қобландин екіжақты қатынастардың гуманитарлық аспектілерінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестік туралы сөз қозғағанда, қарым-қатынастарымыздың гуманитарлық және диаспоралық өлшеміне ерекше назар аудару маңызды. Тарихи жады, дала өркениетінің мұрасы және мәдени жақындық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындайды», – деді Қ. Қобландин.
СЗИ сарапшысы Гансух Унурджаргал өз сөзінде өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді, сондай-ақ Моңғолияның негізгі сыртқы серіктестерімен өзара іс-қимыл мәселелерін атап өтті.
Ашық пікірталас форматында өткен екінші сессия аясында қатысушылар Астана мен Ұлан-Батордың сыртқы саяси басымдықтары, «Трансалтай диалогы» бастамасын іске асыру перспективалары, Моңғолияның Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастығы, сондай-ақ сауда, цифрлық экономика және өңірлік кооперация салаларында Қазақстан мен Моңғолия серіктестігін кеңейту мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.
Талқылауға ҚСЗИ сарапшыларымен қатар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Философия, саясаттану және дінтану институтының, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының өкілдері, сондай-ақ Моңғолияның бейінді зерттеу орталықтарының сарапшылары қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сарапшылық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, аналитикалық диалогты дамыту өзара түсіністікті нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа форматтарын іздеуге ықпал ететінін атап өтті.











