2026 жылдың 13 наурызы күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Kazakhstan’s New Constitutional Model: Towards a Resilient and Modern State» («Қазақстанның жаңа конституциялық моделі: тұрақты әрі заманауи мемлекет жолында») атты Қазақстанның жаңа конституциялық моделіне арналған аналитикалық баяндама жобасының талқылауы өтті.
Кездесу жұмыс форматында өтіп, аналитикалық баяндаманың финалдық нұсқасын дайындаудың маңызды кезеңдерінің біріне айналды. Пікірталасқа қатысушылар зерттеудің негізгі идеялары мен қорытындыларымен таныстырылды.
Баяндама авторлары саяси және институционалдық жаңғыру жағдайында Қазақстанның конституциялық моделінің даму логикасын пайымдауға талпыныс жасаған. Баяндаманың тең авторлары ретінде бірқатар шетелдік және қазақстандық сарапшылар: халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Орталық Азия бойынша аналитик – Альберто Туркстра; профессор, Грузияның бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары, Төтенше және Өкілетті Елші – Давид Апциаури; АҚШ-тағы Халықаралық салық және инвестициялар орталығының Энергетика, өсу және қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары – Уэсли Александр Хилл; Орталық Азия бойынша сарапшы, Нархоз университетінің профессоры – Андрей Казанцев (Ресей); сондай-ақ «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлыгаш Жаманқұлова қатысты.
Баяндаманы таныстыра отырып, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов елдің саяси және институционалдық жаңғыруы аясында конституциялық реформаны пайымдаудың негізгі тәсілдерін ұсынды. Ол Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне қадам басып отырғанын, бұл кезең институттардың сапасын арттыруды, адами капиталды дамытуды, инновацияларды ілгерілетуді және есеп беретін мемлекеттік басқаруды нығайтуды талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ презентация барысында 2019-2026 жылдардағы саяси модернизацияның логикасына, сондай-ақ жаңа Конституция жобасын әзірлеудің негізгі кезеңдеріне ерекше назар аударылды.
«Жалпы алғанда, бұл реформалар Қазақстанның саяси жүйесін қоғамның өзгеріп жатқан күтулері мен ел дамуының жаңа кезеңіне бейімдеуге бағытталған институционалдық жаңғырудың кезең-кезеңімен жүзеге асатын траекториясын қалыптастырады», – деп атап өтті Жандос Шаймарданов.
ҚСЗИ-дың Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла қазіргі заманғы Конституция тек қолданыстағы құқықтық шындықтарға ғана емес, сонымен қатар болашақтағы сын-қатерлерге де бағдарлануы тиіс екенін атап өтті.
«ҚСЗИ зерттеулерінің деректеріне сәйкес, Қазақстан азаматтарының 30,6%-ы елдің жаһандық көшбасшылығын цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуымен байланыстырады. Осыған байланысты жеке деректерді қорғау, цифрлық құпиялылық және электрондық коммуникациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты конституциялық кепілдіктердің маңызы арта түседі», – деді сарапшы.
Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесина өз сөзінде конституциялық реформаның құндылықтық бағдарларына назар аударды. Олардың қатарында – білім беру, ғылым, инновациялар, экологиялық жауапкершілік, еңбек қадір-қасиеті және заң үстемдігі бар. Оның пікірінше ,білім беру, ғылым және инновацияларды стратегиялық басымдықтар ретінде бекіту Қазақстанның ресурстық даму моделінен білім мен технологияларға негізделген экономикаға кең ауқымды көшуін көрсетеді.
ҚСЗИ-дің Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Әмина Үрпекова төрт әлеуметтанулық қызмет жүргізген конституциялық реформаны қоғамдық қабылдау жөніндегі зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Ол жаңа Конституция жобасы туралы халықтың хабардарлық деңгейі жоғары екенін және ұсынылып отырған өзгерістерге қоғам тарапынан айтарлықтай қолдау бар екенін атап өтті. Әлеуметтанулық сауалнамалардың нәтижелері бойынша хабардар азаматтардың үлесі 77,5%-дан 94,4%-ға дейін жеткен.
Пікірталасқа қатысушылар ұсынылған баяндамаға қатысты өз бағаларымен бөлісті. Давид Апциаури жаңа Конституция жобасының іргелі сипатын атап өтіп, оның стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған реформалар ішкі тұрақтылықты нығайтуға, экономикалық өсімді ынталандыруға және елдің халықаралық аренадағы орнықты позицияларын күшейтуге бағытталған. Сарапшы сондай-ақ, ең алдымен экономикалық даму саласында сандық өзгерістерден сапалық өзгерістерге көшу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр, және бұл тәжірибе халықаралық қауымдастық үшін де қызығушылық тудыруы мүмкін», – деді Давид Апциаури.
Қарлыгаш Жаманқұлова баяндаманың аналитикалық тереңдігін атап өтіп, мемлекеттің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамның ішкі құндылықтарына негізделуі тиіс екеніне тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасында адамның құндылықтары мен бостандықтары басты орын алады – оған екі негізгі бөлім арналған. Конституциялық өзгерістердің негізінде адам капиталын дамыту идеясы жатыр: Негізгі заң ең алдымен адамға және жас ұрпақтың болашағына бағытталған», – деп атап өтті Қ. Жаманқұлова.
Александр Хиллдің пікірінше, Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының маңызды артықшылықтарының бірі – позитивті құқықтарға басымдық берілуі. Бұл мемлекетке экономикалық дамуды қамтамасыз ету мен адам құқықтарын кепілдендіруде белсенді ұйымдастырушылық рөл жүктейді.
«Сондықтан мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын позитивті құқықтар жүйесін ұзақ мерзімді даму міндеттерімен үйлестіруге бағытталған талпыныс ретінде қарастырамын және жалпы алғанда жаңа Конституцияның болашағына оптимизммен қараймын», – деп атап өтті сарапшы.
Альберто Туркстра жаңа Конституция жобасында көзделген институционалдық өзгерістер елдің саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, саяси модернизация жолындағы маңызды қадамдардың бірі – бір палаталы парламенттік жүйеге көшу.
«Пропорционалды сайлау жүйесін енгізу саяси партиялардың және қоғамдық көзқарастардың кең ауқымының неғұрлым кең өкілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Альберто Туркстра.
Андрей Казанцев дайындалған құжаттың тұжырымдамалық негізіне назар аударды.
«Баяндама ойластырылған әдіснамасымен және айқын тұжырымдамалық көзқарасымен ерекшеленеді. «Менің ойымша, ерекше назар аударуға тұрарлық жайт – құжаттың атауының өзі – «Орнықты мемлекет жолында», ол ұсынылып отырған өзгерістердің стратегиялық бағыттылығын дәл көрсетеді», – деп атап өтті ол.
Талқылау барысында шетелдік және қазақстандық сарапшылар Қазақстанның конституциялық моделін одан әрі дамыту мүмкін бағыттары жөнінде пікір алмасты. Пікірталас барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер құжатты мазмұндық тұрғыдан одан әрі жетілдіру кезінде ескерілетін болады. Ал оның таныстырылымы 17 наурызда өтеді.











