2024 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық даму жөніндегі сараптамалық кеңестің кезекті отырысын өткізді.
Өткен жылы құрылған кеңестің отырыстары ҚР Ұлттық Банкінің басшысы Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен тұрақты негізде ұйымдастырылады.
Бұл жолы сарапшылар еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру және оңтайландыру мәселелерін талқылады.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов отырысты аша отырып, Кеңестің өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті: «Қазақстандық экономистерді, өз ісінің мамандарын біріктірген біздің Клубтың дамып келе жатқаны анық. Біздің сіздермен жасап жүрген жұмысымызға қызығушылық артып келеді. Сіздер берген ұсыныстар ҚСЗИ-дың көптеген талдамалық материалдарына қосылуда».
Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді құру аясында бюджеттік саясатты реформалау мемлекеттің назарында. Қазіргі уақытта жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленуде.
ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттік қаржы рөлі экономиканың өсуін ынталандыру үшін ерекше маңызды екенін алға тартты: “Мемлекеттік қаржы Ұлттық қордан берілетін трансферттерге әсер етеді, бұл өз кезегінде ұлттық валюта бағамына ықпал етеді. Ал валюта бағамы көбінесе отандық экспорттаушылардың әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігін анықтайды».
Сондай-ақ, спикер мемлекеттік қаржыны басқару тактикасы мен стратегиясын әзірлеу үшін Сараптамалық кеңестің әлеуетін пайдалануды ұсынды.
Talap қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов мемлекеттік қаржы жүйесінің бірнеше өзекті мәселелеріне тоқталды. Олардың бірі – бюджет шығыстарының олардың тиімділігін арттырмай ұлғаюы. «Соңғы үш жылда шығындар 60%-ға өсті. Білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және қарызға қызмет көрсету – шығыстардың негізгі баптары. 2023 жылдың ішінде шығындардың 33%-ы қайта қарастырылды (түзетілді). Бюджеттік жоспарлау процесінде технократтық өзгерістер қажет. Бұл жаңа бюджеттік жіктеу, бюджеттің бағдарламалық құрылымы, бюджетті тәуелсіз бағалау».
Спикер бюджет кірістерінің бүгінгі құрылымы экономика құрылымының көрінісі болып табылатынын баса айтты. Мұнай Қазақстанның басты экспорттық тауары болып қала берген жағдайда бюджет мұнай кірістеріне тәуелді болады.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин соңғы жылдардағы үлкен шығындар пандемия кезеңімен және дағдарысқа қарсы шаралармен, сондай-ақ басқа да әлеуметтік міндеттемелермен байланысты екенін айтты.
Сонымен қатар вице-министр бюджет шығыстарының тиімділігін арттыратын бірқатар өзгерістер туралы айтты: «Жаңа Бюджет кодексінде нәтижеге бағдарланған бюджет қағидаттарын күшейтуге бағытталған «ҚР бюджеттеу негіздері» атты жаңа бөлім пайда болады. Бұл бюджеттің әрбір теңгесі нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталуы тиіс дегенді білдіреді. Бұдан басқа, Ұлттық қордан тек сыни инфрақұрылымға берілетін нысаналы трансфертті пайдалануға шектеу енгізілетін болады».
Экономист, «Visor Holding» ЖШС басқарушы директоры Алмас Чукин елдегі салық жинау және бюджеттің көп бөлігін әлеуметтік міндеттемелерді жабуға бағыттау мәселелерін көтерді. «Шығындар мен кірістердің теңгерімсіздігі бар және ол бойынша бүгінгі күнге дейін шешімдер жоқ. Бюджет құрылымы 47%-ы ҚҚС-тан, ал 30%-ы КТС-тан тұрады. Дамыған елдерде жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы айтарлықтай көлемге ие және бюджеттің негізі болып табылады.
Екінші мәселе келесідей. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, алайда бюджет құрылымында даму мәселелері 3%-дан аз. Бюджет әлеуметтік міндеттемелер аясында тұтынуға көбірек бағытталған», – деді А.Чукин.
Мұрат Темірханов, экономист және «Halyk Finance» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, бюджет процесінде халықаралық стандарттарды қолданудың маңыздылығына назар аударды. «Қазақстанның бюджеттік жүйесіндегі терминдер, ұғымдар мен анықтамалар нақты халықаралық танылған стандарттарға сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, бюджет жүйесінің халықаралық есеп және есеп беру стандарттарына толығымен ауысуы өте маңызды», — деді спикер.
Экономист Арман Евниев даму бюджетінің тетіктерін ашу қажеттілігі туралы пікірталасты қолдады. Оның ойынша бюджетті даму жоспарларының мақсаттары мен нысаналы индикаторларының басымдығы негізінде айқындау қажет.
Кеңес төрағасы іс-шараны қорытындылай келе, барлық айтылған ұсыныстарды Ұлттық экономика министрліктеріне жолдауды тапсырды.
Сараптамалық кеңестің келесі отырысында жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау туралы шешім қабылданды.