Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Президент сайлауы: алғышарты, хроникасы және қорытындылары» ұжымдық монографиясының таныстырылымын өткізді.
2022 жылғы сайлаудың ерекшеліктерінің бірі – оның жаңа құқықтық негізде өткізілуі. 2021 жылы сайлау заңнамасына қабылданған түзетулер, 2022 жылғы референдум және конституциялық түзетулер, жаңа конституциялық заңдардың қабылдануы – Президенттің өкілеттіктері айтарлықтай қысқартылатын, Парламенттің ықпалы мен ашықтығына, Үкіметтің жауапкершілігіне әсер ететін жаңа саяси-құқықтық шындықтарды айқындады. Бұл тұрғыда 2022 жылғы сайлаудың маңыздылығын арттыратын бірқатар жаңашылдықтар көзге түседі: бір мерзімді президенттік өкілеттілік; Конституциялық Соттың құрылуы, «Барлығына қарсы» бағанының қосылуы және т.б.
Қазақстан Президенті сайлауының қорытындылары азаматтардың көпшілігі Қ. К. Тоқаевтың саясат пен экономиканы реформалау курсын қолдайтынын көрсетті. «Әділетті Қазақстанды» құру тиімді мемлекеттік үлгіні қалыптастырудың негізгі идеологиясы мен тұжырымдамалық негізіне айналды. Халық сенімінің жаңа мандаты Қ. К. Тоқаевқа ұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге шоғырлануға мүмкіндік береді.
Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі Қ. К. Тоқаевтың сайлау науқаны кезінде сөйлеген сөздері және бұған дейінгіжолдаулары мен басқа да айтылған барлық тезистерінің іс жүзінде орындалуын күтеді. Қазақстан Республикасының Президентіне сенімнің жоғары деңгейі сайлау нәтижелерін заңдастырудың, сондай-ақ реформаларды табысты жүзеге асырудың және қойылған мақсаттарға қол жеткізудің маңызды факторы болып табылады.
Сарапшылар қарастырылып отырған электоралдық циклдің ерекшелігі әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси және макроэкономикалық ахуалда жатқанын атап өтті. Сыртқы сын-қатерлер жағдайында сайлау циклін өткізу президенттік сайлауды Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығының маңызды факторларының біріне айналдырды.
Сондай-ақ сарапшылардың талдауына сәйкес, кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихатының мониторингі мен талдауы Интернеттің елдің медиасферасында анағұрлым маңыздырақ екенін көрсетті. Олардың пікірінше, сайлауалды жарыста заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен азаматтық белсенділігін айтарлықтай арттырды.
Жалпы, ҚСЗИ баяндамасында Қазақстанда өткен сайлауды барынша толық ақпараттық және талдамалық сүйемелдеу қамтылған. Сайлау науқанының ұйымдастырылуы мен барысына талдау жасаумен қатар, қолданылатын сайлау технологияларына шолу жасалады. Сайлау барысында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеулердің деректері келтіріліп, сайлау процесіндегі азаматтық қоғамның рөлі ашылады. Қорытындылай келе, авторлар сайлаудан кейінгі кезеңнің күтілімдері мен келешегі туралы өз пайымдауларын береді.