Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшылары Душанбе қаласындағы конференцияға қатысты

ҚСЗИ сарапшылары Душанбе қаласындағы конференцияға қатысты

2025 жылғы 1 мамырда Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы мен Орталық Азия бойынша Конрад Аденауэр қорының аймақтық өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған «Орталық Азия елдерінің қазіргі жаһандық өзгерістер аясындағы интеграциясы: жағдайы мен келешегі» атты аймақтық конференция өтті.

⠀Іс-шараға аймақтың бес елінен келген сарапшылар қатысып, өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) атынан конференция жұмысына директордың орынбасары Алуа Жолдыбалина мен Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская қатысты.

Өз сөзінде Алуа Жолдыбалина Орталық Азияның сапалы өзгерістер мен аймақтық ынтымақтастықты нығайту кезеңіне аяқ басқанын атап өтті:

«Бүгінде Орталық Азия өркендеу мен мәдени жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеріп жатыр. Аймақта 80 миллионнан астам адам тұрады. Қазіргі өсу қарқыны сақталатын болса, бұл көрсеткіш жақын арада 100 миллионға жетуі мүмкін. Халықтың орташа жасы – 28 жас. Бұл аймақ тұрғындарының 70–80 пайызын жастар құрайтынын көрсетеді. Ал жастар – жаңа құндылықтар мен үрдістердің басты иесі және өзгерістердің қозғаушы күші».

Конференция барысында тұрақты даму мен «жасыл» экономикаға көшу мәселелері де талқыланды.

Анна Альшанскаяның айтуынша, климаттың өзгеруі жұмыспен қамту құрылымына, көші-қон үдерістеріне айтарлықтай әсер етіп, әлеуметтік тәуекелдерді күшейтуде:

⠀«Климатқа аса тәуелді салаларда, әсіресе ауыл шаруашылығында жұмыс орындарына қауіп төніп тұр. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, егер 2030 жылға дейін жаһандық орташа температура 1,5°C-қа көтерілсе, әлем бойынша жалпы жұмыс уақытының 2,2 пайызы қысқаруы мүмкін. Бұл толық жұмыс күніндегі 80 миллион жұмыс орнының жоғалуына тең. Ал еңбек өнімділігінің төмендеуінен болатын экономикалық шығындар 2,4 триллион АҚШ долларына жетуі ықтимал.

Ең осал топтар – табысы төмен және ортадан төмен елдер. Алайда «жасыл» ауысым жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: бұл жоғары технологиялық секторларда жұмыспен қамтуды арттыруға, халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға және экологиялық таза өндірістерді дамытуға септігін тигізеді.

Орталық Азия елдері бұл сын-қатерлерге уақтылы әрекет етіп, «жасыл» экономиканың әлеуетін тұрақты даму жолында тиімді пайдалана білуі тиіс».