ҚСЗИ сарапшылары – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері туралы
2024 жылы Әзербайжан Республикасының Халықаралық қатынастарды талдау орталығы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бірлесуімен «Әзербайжан – Қазақстан: өзекті мәселелер және екіжақты ынтымақтастықтың болашақ перспективалары» атты мақалалар жинағы жарық көрді.
Жинақта Әзербайжан-Қазақстан сараптамалық кеңесі мүшелерінің екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағына арналған мақалалары ұсынылған. Авторлар екіжақты ынтымақтастықтың өңірлік форматтарға қатысу, көлік дәліздерін дамыту, гуманитарлық бастамалар және басқа да маңызды мәселелерін зерттейді.
Жинақта Институт басшылығы мен сарапшыларының мақалалары ерекше орын алады.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов «Қазақстан мен Әзербайжан: ынтымақтастық перспективалары» атты мақаласында екі елдің өз өңірлерінде көшбасшы рөл атқара отырып, тұрақты өңіраралық байланыстарды қалыптастыруға әлеуеті бар екенін атап өтеді. Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық, технологиялық және адами ресурстары өзара тиімді әріптестіктің негізіне айнала алады. Автор цифрлық мемлекет қалыптастыру, транзиттік қауіпсіздік және білім экономикасын дамыту сияқты басым бағыттарға назар аударып, қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеру үшін ұзақ мерзімді серіктестіктің сараптамалық көзқарасын қалыптастыру қажеттігін баса көрсетеді.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекова «Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық» атты мақаласында екі елдің энергетика саласының кеңестік кезеңнен бастап тарихи дамуын талдайды. Әзербайжан әлемдегі ең көне мұнай өндіруші елдердің бірі ретінде көмірсутектерге баса назар аударса, Қазақстан көмір генерациясына басымдық бере отырып, қуатты отын-энергетикалық кешен қалыптастырды. Автор тәуелсіздік алған сәтке дейін екі елдің энергетика саласында жеткілікті деңгейде дамығанын, бұл 90-жылдардағы дағдарыстардан аман шығуға мүмкіндік бергенін атап өтеді. Технологиялық жетіспеушілікке жауап ретінде Қазақстан мен Әзербайжан шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру стратегиясын әзірлей бастады.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекшісі және бас сарапшылары Айдар Құрмашев пен Әлішер Тастенов «Қазақстан мен Әзербайжан: жаңа орта державалар» атты мақаласында мемлекеттің әлемдік аренадағы мәртебесінің маңыздылығы туралы ой қозғайды. Елдерді «шағын», «орта» немесе «ірі» державалар ретінде жіктеудің нақты критерийлері болмағанына қарамастан, авторлар мемлекеттің сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұру және халықаралық қоғамдастыққа ықпал ету қабілетінің маңыздылығын атап көрсетеді. Мақалада Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль және Индонезия сияқты елдердің мәртебесін айқындаудың жаңа тәсілдері қарастырылады. Олар әлемдік саясатта маңызды рөл атқаратын елдер ретінде талданады.
Жинақ ҚЗСИ сайтындағы «Басылымдар» бөлімінде қолжетімді.